Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қазақстандық жанкүйерлер сенім артқан шаңғышылар медаль әкелген жоқ

AstanaTV
20.02.2014ж. 20:00
1140
Қазақстандық жанкүйерлер сенім артқан шаңғышылар медаль әкелген жоқ

Қазақстандық жанкүйерлер сенім артқан шаңғышылар медаль әкелген жоқ. Бұл жолы командалық спринтте сынға түскен Алексей Полторанин мен Николай Чеботько 8-ші орыннан аса алмады. Биатлоннан аралас жарысқа қатысқан отандастарымыз 16 команданың арасынан 15-орыннан көрінсе, сноубордшы Валерия Цой 1/8 финалға берілетін жолдамадан құр қалды.



Шайбалы хоккейден Ресей құрамасы жартылай финал жолдамасынан құр қалды. Ширек финалда Финляндия командасымен сынға түскен Зинетулла Билялетдиновтың шәкірттері 3:1 есебімен ұтылды. Дегенмен бұл ойындағы алғашқы шайбаны жарыс иелері Илья Ковальчуктің көмегімен соқты. Қалған уақытта жұдырықтай жұмылған Суоми елінің хоккейшілері Ресей командасының қақпасына қатарынан үш шайба соғып, жеңіске жетті.

Келесі ойында АҚШ құрамасы Чехия командасын 5:2 есебімен айналып өтті. Кездесу басынан жоғары жылдамдықпен қимылдаған Жолақты Жұлдыз елінің хоккейшілері бірінші кезеңді 3-1 есебімен өз пайдасына шешті. Үзілістен кейін Зак Паризе мергендігімен танылып, есепті ұлғайтты. Үшінші кезеңде Чехия командасы есепті қысқартқанына қарамастан қарқыны мықты АҚШ хоккейшілері жеңіс есебін ұстап қалды.

Латвия құрамасы сенсация жасауға аз-ақ қалды. Ширек финалда азулы Канада командасымен мұз айдынына шыққан Балтық жағалауының хоккейшілері терезесі тең өнер көрсетті. Ал бұл ойындағы жеңіс голын Канадалық ұжым тек кездесудің аяқталуына 6 минуттай қалғанда соқты. Жартылай финалда Швеция мен Финляндия, сондай-ақ Канада мен АҚШ құрамалары ақтық сын жолдамасын сарапқа салады.

Самат ҚАНАҒАТОВ