Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Із-түссіз жоғалған малайзиялық «Боинг 777» лайнерін іздестіруге сегіз мемлекет қатысуда

AstanaTV
10.03.2014ж. 20:00
913
Із-түссіз жоғалған малайзиялық «Боинг 777» лайнерін іздестіруге сегіз мемлекет қатысуда

Жұмбақ жағдайда жоғалған ұшақ басқа бағытқа айдап әкетілуі мүмкін. Бұл туралы болжамды бүгін Куала - Лумпурда тергеу тобының жетекшісі мәлімдеді. Қазіргі таңда із-түссіз жоғалған малайзиялық «Боинг 777» лайнерін іздестіру жұмыстарына сегіз мемлекет өкілдері қатысуда. Басқа да версиялар қарастырылып жатыр. Алайда әуе лайнерінің апатын айғақтайтын дәйектер әлі табылған жоқ. 


Малэйжн эйрлайнс компаниясына тиесілі ұшақта 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған. Boeing 777 8 наурызда Куала-Лумпурдан Бейжіңге бағыт алған. Ұшақ радардан жергілікті уақыт бойынша 02.40 шамасында әуеге көтерілгеніне 19 минут болғанда жоғалып кеткен. Ал ұшақтың қай жерде апатқа ұшырауы мүмкін екендігін анықтау тым қиын.

Қытай билігі «Боингтің» Қытай халық республикасының әуе кеңістігіне кірмегендігін айтуда. Сондықтан ұшақ Оңтүстік-Қытай теңізінің Вьетнам аумағында жоғалған деген жорамал бар. Кей ақпарат агенттіктері оған дәлел ретінде Вьетнам жағалауларында ұзындығы 10 километрлік екі үлкен майлы дақ табылғандығын келтіруде. Алайда құтқару тобы ол аймақта апат ізін таппады. Ұшақ қалдықтары да жоқ.


Ажаруддин Абдул Рахман, Малайзия азаматтық авиациясы басқармасының бас директоры:


Өкінішке орай, бүгінде біз ұшақтың өзі тұрмақ, қалдықтарын таппадық. Іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Әртүрлі болжамдардың бәрі расталмай отыр, шатасатын болдық тіпті. Ұшақтың жоғалу салдары жұмбақ болып тұр әлі.


Жұмбақ оқиғаға қатысты үшінші болжамы - террористік акт. Белгілі болғандай, лайнерге өзге азаматтардың паспортымен төрт адам отырған. Екі құжаттың шын иелері австриялық Кристиана Козела және италиялық Луиджи Маральди есімді азаматтар екендігі анықталды. Тағы екі паспорттың иелері іздестіріліп жатыр. Бұл мәліметтерден кейін ұшаққа өзге адамдардың атын жамылып, терроршылар кірді ме деген болжам туындаған.


Ажаруддин Абдул Рахман, Малайзия азаматтық авиациясы басқармасының бас директоры:


Аталған екі жолаушы турасындағы мәселе қаралып жатыр. Мамандар арнайы тексеріс жүргізуде. Қазіргі таңда белгісіз адамдардың австриялық және италиялық азаматтардың паспорттарымен билет алғандықтары расталды.


Алайда ұшақтың апат ұшырауы - басты версия. Дабыл сигналдарының болмауынан әуе кемесі аспанда жарылып кетті деген болжам қарастырылуда. Ал АҚШ-тың федералдық тергеу бюросы террористік акт болған деп санайды. Америкалық мамандар ұшақты терроршылардың басқаруына өтуі ықтимал дейді.

The New York Times газетінің Ақ үйге сілтеме жасаған мәліметінше, Пентагонның жер бетіндегі жарқылдарды анықтайтын аппараты жарылыс нышандарын тіркемеген. Куала Лумпур мен Бейжің әуежайында ұшаққа мінген жолаушылардың туыстары тағатсыздана хабар күтіп жүр.


Гуо Хишун:


Егер биліктің өзі әртүрлі болжам жасап отырса, біздің шарамыз нешік? Біз де тек болжамдарға сүйеніп отырмыз. Аман қалғандар болса, олар қай жерде, қалай жан сақтап отырғандықтарын елестету мүмкін болмай тұр. Теңізге құласа не болды? Әрине, біз тек жақсылыққа жорып отырмыз.


Қазіргі таңда құтқару операциясына сегіз елдің әуе және теңіз күштері жұмылдырылды. Олардың ішінде Австралия, Қытай, Тайланд, Индонезия, Сингапур, Вьетнам, Филиппин және АҚШ елдері бар. Соңғы ақпар бойынша, бортта қытайлық 154, Малайзиялық 38 және басқа да мемлекеттердің азаматтары болған. Жоғалған "Боингке" Қазақстан азаматтары мінбеген.


Жұрағат БАМАН