Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қостанай облысында дәрігерлік өрескел қателік әшкере болды

AstanaTV
18.03.2014ж. 20:00
1441
Қостанай облысында дәрігерлік өрескел қателік әшкере болды

Қостанай облысында дәрігерлік өрескел қателік әшкере болды. Дәрігерлер жаңа туған нәрестені өлді деп есептеп, ата-анасына жерлеуге берген. Жан түршігерлік оқиға Меңдіқара ауданында болған. Бұл жайында облыстық прокуратура хабарлады.

6 наурыз күні аудандық ауруханада салмағы 960 грамм болатын қыз бала мезгілінен бұрын дүниеге келіпті. Ешқандай тіршілік белгісі болмағандықтан, медицина қызметкерлері оны өлдіге санап, қағаз қорапқа салып әкесіне береді.

Алайда ауылға бара жатқан жолда, баланың тірі екендігі белгілі болады. Әкесі оны дереу ауруханаға әкелген. Бұдан кейін жаңа туған нәресте облыстық балалар  ауруханасындағы жан сақтау бөліміне жөнелтіледі. Бірақ дәрігерлер сәбиді ажал аузынан алып қала алмады. Шақалақ үш күннен соң шетінеп кетті. Қазір осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіп жатыр дейді, - облыстық прокуратура өкілі
.

Нұрбол Әбдірахманов, Қостанай облыстық прокуратураның өкілі:

Меңдіқара ауданының прокуроры үстіміздегі жылдың 17 наурызында Қылмыстық кодексінің 114-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни медицина қызметкерінің кәсіптік міндетіне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамау салдарынан адам өліміне әкеліп соқтырған әрекеттеріне қатысты қылмыстық іс қозғады.

Ал облыстық денсаулық сақтау саласының басшылары бейкүнә періштенің обалына қалған Меңдіқара аудандық аурухана дәрігерлері жауапкершілікке тартылып, жұмыстан шығарылғандығын жеткізді.

Гүлшат Байжұманова, Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Егер бала өлі туса, олар айтқандай, онда реанимациялық шаралар жасалмайды. Реанимациялық шаралар, егер балада тіршілік белгісі болса ғана жасалады. Ұйымдастырушылық жұмысында босанған әйелге емдеу-диагностика бойынша медициналық қызмет көрсетуде кемшіліктер болған. Әйелді босандырған акушерка жұмыстан шығарылды. Бас дәрігер мен оның орынбасары тәртіптік жауапқа тартылды.

Заңғар САНАЙ