Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

ЭКСКЛЮЗИВ: БҚО-на Ресейдің МН-300 метеорологиялық зымыраны құлады

AstanaTV
28.03.2014ж. 20:00
1259
ЭКСКЛЮЗИВ: БҚО-на Ресейдің МН-300 метеорологиялық зымыраны құлады

Апаттың себеп-салдары анықталғанша, Ресейге жалға берілген жауынгерлік алаңдарды пайдалану мен Қазақстан аумағында сынақ жүргізу уақытша тоқтатылды. Бұл жайында Қорғаныс министрлігі жазбаша ақпар таратты. Оған Батыс Қазақстан облысы аумағына Ресейдің МН-300 метеорологиялық зымыранының құлауы себеп болды.

Оқыс оқиға наурыздың 26-нан 27-не қараған түні Бөкей Ордасы ауданындағы Шоңай ауылы маңында орын алды. Зымыран ауылдан 500 метр қашықтықта бағытынан ауытқып кетіп, құлаған. Оқиға орнын шекарашылар қоршауға алды. Атқамінерлерден бөлек төтенше жағдай мамандары, экологтар, прокуратура өкілдері ауылға аттаныпты. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, сынақ барысында қозғалтқыш қондырғысы істен шығып, зымыран полигон аумағына жетпей құлаған.  "Зардап шеккендер жоқ, экологиялық залал келмеді", - дейді мамандар. Ауыл тұрғындары елді мекендегі жағдайдың қалыпты екенін айтты.


Сағындық Жұмагелдиев, БҚО Бөкей ордасы ауданы Шоңай ауылының тұрғыны:


Сынықтарын барып көрдім. 5-6 метрдей сияқты, көп жақындатпайды. Шамамен 100 метрден көрдім. Полиция мен шекарашылар толып жүр. Көп жақындатпайды.


Ұзындығы 7 метр, ені 45 сантиметрді құрайтын зымыран төрт бөлікке бөлініп, қалдықтары 50 метр аумақта шашылған. Оқиға болған жерден топырақ сынамасы алынып, Орал қаласына жөнелтілді. Тиісінше акті жасалыпты. Бөкей ордасы ауданына «Капустин Яр» мемлекеттік полигонының өкілдері келгеннен кейін зымыранның құлау себебін анықтауға кіріседі.


Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:


Бөкей Ордасы ауданында әскери полигон бар жалға алынған. Зымырандарды бақылау зерттеу нәтижесімен жұмыстары атқарылады. Зымыранның ұшырылуы РФ Қорғаныс министрлігі мен біздің республиканың Қорғаныс министрлігі арасындағы келісімшартқа байланысты құрылған. Ешқандай залал жоқ, адам шығыны, мал шығыны, ауаға, суға келген зиян жоқ.


Еркін ҚАРИН