Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Шымкентте тағы бір ана баласын өлімші етіп сабап тастады

AstanaTV
31.03.2014ж. 10:00
1177
Шымкентте тағы бір ана баласын өлімші етіп сабап тастады

Шымкентте тағы бір ана өз баласын өлімші етіп сабап тастады. Оқиға 8-шағын ауданда болған. 36 жастағы ана өзінің бес жасар қызын көк ала қойдай етіп сабаған. Көршілері араша болып, баланы тартып алмақ болғанда, ана ашуға булығып, перзентін басынан қатты жарақаттапты. Ақыр соңында таяқтың астында қалған бүлдіршінді дәрігерлер әкетті. Қазір ол облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауда.

Полицейлердің хабарлауынша, қатыгез анада психикалық ауытқу болған екен. Ол психоневрологиялық диспансерге жеткізілген.

Айта өтейік, бұл Шымкентте болған алғашқы оқиға емес. Осыдан бір жеті бұрын бауыр еті баласын ұрып, өлтіріп тастаған ана туралы дерек шыққан еді. Ол кезде 38 жастағы келіншек екі баласын тоқпақтап, оның бірі қайтыс болған еді. Сәбидің денесі өз үйінде табылған. Қабырғадағы қан іздері аяусыз соққылағаннан қалған.

Қазір екі қызын бірдей өлімші етіп сабаған әйел қамауда. Өз айыбын толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтады. Кінәсі дәлелденсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Илхам ИБРАГИМ