Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қызылордадағы сарбаздардың улануына ауыз суы себеп болған

AstanaTV
14.04.2014ж. 20:00
1307
Қызылордадағы сарбаздардың улануына ауыз суы себеп болған

Қызылордадағы сарбаздардың улануына ауыз су себеп болған. Бүгін 5547 әскери бөлімі басшылары осындай мәлімдеме жасады. Ал дәрігерлер арнайы медициналық қорытынды шықпай, нақты жауап қатуға ерте деді.

Кеше Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма аулында орналасқан 5547 әскери бөлімінде төтенше жағдай болды. Кешкісін бірден 32 жауынгер жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Ал бүгін таңертең оларға тағы төртеуі қосылды. Айта кетейік, дәл осы әскери бөлімде 27 наурызда борышын өтеуші оралдық жас жігіт қайтыс болған еді. Дәрігерлердің айтуынша, ол пневмониядан көз жұмған. 

21 жастағы Евгений Видергольд ауруханаға кеше кешкісін түсті. Айтуынша, кешкі астан соң дене қызуы көтеріліп, басы ауырған, тәбеті қашыпты. Ол «бар пәле судан келді» дейді. Бұдан басқа тағы отыз бес сарбаз осындай науқаспен шұғыл ауруханаға жеткізілді. Қазір емделіп жатыр.

Евгений Видергольд, 5547 әскери бөлімінің сарбазы:

8,9,10 сәуір күндері суды өшіріп тастады. Ал қайта берген кезде су лайланып, тұрып қалған сияқты, жағымсыз иіс пайда болғанын сездік. Ол суды бұрыннан ішіп жүрміз. Бірақ осы кезге дейін залалы болмаған. Ал кеше жігіттер шетінен ауырып қалды.

Осы жағдайға орай бүгін дәрігерлер ақпарат құралдары өкілдерін жинады. «Жауынгерлердің қазіргі жағдайлары жақсарып келе жатыр», - деді. Бірақ арнайы медициналық тексеру қорытындысы шықпай, нақты не болғанын айта алмайтындарын ескертті.

Қаракөз Балабекова, Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:

Барлық анализдерін алып, солардың бәрін сеять етіп, ең кемінде үш күннін ішінде егуден кейін-рост болу керек алдын ала. Қазір оның этиологиясын неден болған деп ешбір дәрігер айта алмайды.

Десе де әскери бөлім командирлері де қол қусырып отырмапты. Судың сынамасын тексеруге жіберген. Нәтижесі көңілге қонымсыз.

Евгений Пак, 5547 әскери бөлімінің командир орынбасары:

Әскери бөлімге осыдан бір-екі сағат бұрын ішкі істер департаментінен сараптаманың ресми хаттамалары келіп түсті. Бізде ағып тұрған судан 10 бактерияның тоғызы табылыпты. Инфекцияның басты себепкері осы су болып шықты.

Шаһар шенеуніктері болса әскерилердің уәжіне қарсылық білдірді. Олар осы уақытқа дейін сол Қызылжарма ауылы тұрғындарынан су сапасына қатысты арыз түспегенін алға тартты. Ал санитарлық эпидемиологиялық станциясы өкілдері өздерінің қорытындысын ертең жариялауға уәде берді.

Шарипа САҚТАПОВА