Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Рудный қаласында 7 жастағы қыз бала жоғалып кетті

AstanaTV
25.04.2014ж. 20:00
1341
Рудный қаласында 7 жастағы қыз бала жоғалып кетті

Рудный қаласында 7 жастағы қыз бала жоғалып кетті. Виктория Ганяның фотосы қазір ғаламтордағы әлеуметтік желілерге жарияланды. Қаршадай қыз кешеден бері үйіне оралмаған. Жеткіншекті тез арада табуға полицейлермен қатар қала тұрғындары, әскери бөлім сарбаздары және еріктілерден жасақталған топ ат салысып жатыр. Бірақ бірінші сынып оқушысын әлі ешкім жолықтырған жоқ.

Түнде ұйқы, күндіз күлкіден айрылған ата-ана қаршадай қызымен аман-есен қауышуға асығады. Аула маңынан алыстамайтын Виктория кеше анасынан бір-екі сағатқа ойнап қайтуға рұқсат алыпты. Алайда алаңдаған ана жүрегі дамыл табар емес.

Кішкентай қыздар домофон арқылы: "Викторияны бір еркек адам алып кетті, бәлкім өлтірмек шығар", - деп айтқанын естідім. Әуелі түк түсінбей қалдым. Кейін дереу аулаға шығып қызымды іздей бастадым. Ешқайдан табылмады.

Із-түзсіз кеткен Виктория үйінің маңындағы осы көпірде үнемі ойнап жүретін дейді оның анасы. Кеше де ол кішкентай құрбыларымен осында келген. Бірге ойнаған балалардың айтуынша, жеті жасар жеткіншекті бейтаныс еркек белгісіз жаққа жетектеп кеткен.

Кеншілер қаласын дүр сілкіндірген суыт хабар ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Кішкентай қызды іздестіруге тұрғындармен қатар жүздеген колледж шәкірттері, арнайы жасақталған еріктілер тобы жұмылдырылды. 

Айбек Молдабеков, еріктілер тобының жетекшісі: 

Біз енді парктен, аттракционнан бастап Тобылдың жағасына дейін, анау Сергеевка деген ауылдың маңына дейін барлық орман-тоғай, сай-саланы көрдік. Іздеп жатырмыз.

Викторияны іздестіруге өңірдің полицейлері де шұғыл кірісіп кетті. Тіпті арнайы топқа облыстық ішкі істер департаментінің бастығы жетекшілік етуде. Олар қала маңындағы саяжайлар, су ағатын жыралар мен күдік тудыратын нысандарды түгел тінтуде.

Әділбек Нұрмахин, Қостанай облыстық ІІД баспасөз хатшысы:


Жоғалған қызды іздеумен айналысатын жедел-тергеу тобы құрылды. Сонымен қатар іздестіруге әскери бөлім жауынгерлері, жергілікті тұрғындар, ССГПО кәсіпорнының жұмыскерлері жұмылдырылды.

Тәртіп сақшылары таратқан ақпарға сәйкес, кішкентай қызды 30-35 жастағы ер адам ұрлап кетуі мүмкін. Өйткені кеше Викторияны қара күрте, көк шалбар киген бейтаныс адам алып бара жатқанын көргендер бар. Полицейлер күдіктіні де іздестіріп жатыр.

Заңғар Санай