Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Атырауда Исатай аудандық ІІБ бастығы Алтынбек Құбайдуллиннің денесі табылды

AstanaTV
28.04.2014ж. 20:00
1483
Атырауда Исатай аудандық ІІБ бастығы Алтынбек Құбайдуллиннің денесі табылды

Атырауда парамен ұсталып, кейін ауруханадан қашып кеткен Исатай аудандық ІІБ бастығы Алтынбек Құбайдуллиннің денесі табылды. Ішкі істер департаментінің таратқан ақпаратына сәйкес, 32 жастағы полиция майорының мәйіті кеше күндіз Гурьев көшесіндегі салынып жатқан нысандардың бірінен табылған. Алғашқы болжам бойынша, өз-өзіне қол салып, жіпке асылып қалған.

Еске салсақ, шенді полицейді 21 сәуірде қаржы полициясы 250 мың теңге мен 3 келі уылдырықты алып жатқан жерінен ұстаған еді. Оған браконьерлерге қамқорлық көрсетті деген айып тағылды. Алайда тергеу барысында күдіктінің денсаулығы сыр беріп, ауруханаға жеткізілді. Бейсенбіде Құбайдуллиннің ауруханадан сытылып кеткені мәлім болды. Атырау облыстық Ішкі істер департаменті күдіктінің денесі табылғанын растады.

Гүлнәзира Мұхтарова, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Табылған мүрде бойынша қазіргі кезде тексеру іс-шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар сот медициналық сараптама тағайындалып, ҚР ҚК 102-бабымен қылмыстық іс көтерілді.

Ал Алтынбек Құбайдуллиннің әкесі Қалыбай Қаражанов болса, ұлы арандатушылықтың құрбаны болды деп санайды. Қаржы полициясының ұлын көруге рұхсат бермегеніне шағымданды. Дәрігерлердің қарауылмен ұлын алып бара жатқанын өз көзімен көргенін айтады. Ол шындыққа көз жеткізу үшін прокуратура органдарына шағым түсіріпті. 32 жасар азаматтың артында ата-анасы, жұбайы мен 3 баласы қалды. Жұмбақ жағдайда қаза тапқан полиция майорының денесі ертең жер қойнына тапсырылады.

Қалыбай Қаражанов, А.Құбайдуллиннің әкесі:

Қаржы полициясының өздерінен ғой. Подстава ғой. Берген адамның өзі осылармен байланысқан адам ғой. Бұл қызмет керек болып, бір адамға кедергі болды ма? Браконьерлермен кездескенде, тас лақтырған ғой бұған. Сосын бұл қашқан ғой.

Базаргүл ІЗІМОВА