Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

АҚШ Түркиядан Сирия жерін атқылауды тоқтатуды талап етті

AstanaTV
15.02.2016ж. 20:00
1558
АҚШ Түркиядан Сирия жерін атқылауды тоқтатуды талап етті

АҚШ Түркияны Сирия жерін атқылауды доғаруға шақырды. Бұл туралы түрік премьерімен телефон арқылы сөйлескен Америка вице-президенті Джо Байден айтты, деп хабарлайды Ақ үйдің ресми сайты. Ал Рейтерс Ахмет Дәуітоғлының сөзін келтіреді. Түркия премьер-министрі күрдтердің шабуылына жауап беруді жалғастыратындарын айтқан.

Түріктер Сириядағы күрдтер шоғырланған аймақты үшінші күн қатарынан атқылауда. Тіпті күрдтердің «Демократиялық одағы» партиясының нүктелерін артиллериямен шабуылдады. Бұған күрдтердің Сирияның солтүстігіндегі Азаз қаласына басып кіруі түрткі болды. Бұдан бөлек соңғы күндері түріктер шекаралас Африн мен Кесаб қалаларын да шабуылдады. Сол себепті сарапшылар түрік әскери күштері ауқымды әскери операцияларға кіріскені туралы айтып жатыр.

Исмет Йылмаз, Түркия қорғаныс министрі:

Шекараға төнген қауіптің алдын алу мақсатында Сириядағы күрд жасақтарының бақылауындағы аудандарды атқылай бастадық. Бұл аймақтардан күрдтерден құралған террорлық ұйымдар және олардың әскери қанаттары шегінбейінше, артиллериядан соққы беруді тоқтатпаймыз. Олар Азаза қаласы мен Минак әуежайын босатуы тиіс. Бұған дейін айтқанымыздай, Түркия, Сирия елдеріндегі PYG, PKK «Күрдістан жұмысшы партиясымен» ымыраласқаны үшін, олардың барлығын террорлық ұйым ретінде санаймыз.

Айгүл ӘДЕПБАЙ