Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды

AstanaTV
15.02.2016ж. 20:00
2235
Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды

Футзалдан Қазақстан құрамасы ел абыройын асқақтатты. Сербияда өткен Еуропа чемпионатына қатысқан Какаудың шәкірттері қола медальді иеленді. Үшінші орын үшін болған кездесуде отандастарымыз жарыс иелері Сербия командасын 5-2 есебімен жеңді. Еуропалық спорт мамандарын таңдай қақтырған Қазақ елінің ұландары бүгін елге оралды. Толығырақ тілші бейнематериалында.

Футзалдан Қазақстан құрамасы айды аспанға шығарды. Өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатының қатысқан отандастарымыз қола медальді ұтып алды. Турнир барысында Какаудың шәкірттері Хорватия мен Италия командаларын жеңді. Тек жартылай финалда Испания құрамасына есе жіберген жерлестеріміз үшінші орын үшін болған кездесуде жарыс иелері Сербия командасын 5-2 есебімен ұтты. Ел абыройын асырып, қарт құрлықтан олжалы оралған ұлттық құрама ойыншыларын бүгін жанкүйерлер әуежайдан ыстық ықласпен қарсы алды.

Какау, футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

Футболшылардың әрқайсысы жеңісімізге өзіндік үлес қосты. Біз бұл үшін алтын медаль болып есептеледі. Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып жүлде алғанымыз керемет жетістік. Менің жанымдағы жаттықтырушылардың барлығына рахмет. Солардың еңбегінің арқасында ойыншылардың жағдайы жоғары деңгейде болды. Ең бастысы, қақпашы Игитаның ойнын ерекше атап кеткім келеді.

Турнир барысында 6 доп соғып, үздік шабуылшы атанған Серік Жаманқұлов «Алтын бутсыдан» басты үміткер болған. Бірақ соңғы сәтте испандық футболшы қазақстандық шабуылшының алдын орап кетті. 

Серік Жаманқұлов, футзалдан Қазақстан құрамасының шабуылшысы:

Гол санынан бәріміз бір болғанымен 6 голдан, пас беру жағынан испандықтар озып кетті.  Мүмкіндіктер болды соңғы ойында 7-ші голды соғып, көш бастап бірінші орын алып "Алтын бутсаны" Қазақстанға алып келуге. Ол да бір сабақ болар. Болашақта үміт бар осы жетістіктерге жетіп, "Алтын бутсаны" алып келуге.

Ал финалда Ресей құрамасын 7-2 есебімен ұтқан Испания командасы Еуропа чемпионатының 7-дүркін жеңімпазы атанды.



Ал «Астана» баскетбол командасы сырт алаңда ірі есеппен ұтылды. Біртұтас лигасының кезекті турында Мәскеудің «Химки» клубына қонаққа барған Рамунас Бутаутастың шәкірттері 128-87 есебімен есе жіберді. Кездесу басынан ойын тізгінін қолдарына ресейлік команда ұпай санын арттырды. Шабуыл шебінде ширақ қимылдаған алаң иелері «Астана» қорғаушыларын жиі қателесуге мәжбүрледі. Нәтижесінде үлкен үзіліс алдында "Химки" баскетболшылары 74-42 есебімен алда тұрды. Ойынның екі жартысында қазақстандық клуб есепті қысқарту үшін аянып қалмады. Біра, қорғаныста сауатты ойнаған алаң иелері ірі есеппен жеңіске жетті. Бұл сәтсіздігінен кейін Рамунас Бутаутастың шәкірттері турнир кестесінің 13-ші сатысына ығысты. Келесі кездесуін «Астана» командасы Мәскеудің «ЦСКА» клубына қарсы өткізеді.    

Самат ҚАНАҒАТОВ