Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Астана әуежайындағы автотұрақтың бағасы өзгермейді - Р.Халилев

AstanaTV
14.08.2017ж. 20:00
3174
Астана әуежайындағы автотұрақтың бағасы өзгермейді  - Р.Халилев

Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының ақылы автотұрағына қойылған тариф өзгермейді. Бұл туралы әкімдік өкілдері осылай деді. Бұған дейін көліктерін әуежай тұрағына қойып, 25 мыңнан бастап 100 мың теңгеге дейін ақша төлеген медиатұлғалар ақ-таң болып, қала әкімінің бұған назар аударуын сұраған еді. Толығырақ Айбек Қосан баядайды.

Алғашқы болып көпшіліктің көзіне іліккен әнші Қайрат Баекеновтың инстаграм желісіндегі посты. 10 сағатқа 60 мыңға жуық қаражат төлеймін деп ойламаған өнерпаздың жазбасы қоғамдық пікір туғызды.

Астана әкіміне сәлем жолдағандардың қатарында Мәжіліс депутаты Серік Сәпиев те бар. Бағдарлама толық жетілдірілмеген дейді ол. Әнші Нұрлан Әлімжановтың жазбасында да мұндай жағдай қайталанған. Журналист Дана Нұржігіт, көлігін 2 күнге қалдырғаны үшін, 102 мың теңге көлемінде түбіртек алған.

Астана әкімдігі болса, тұрғындардың шағымына қарамастан, ақылы автотұрақтардың бағасын өзгертпейді. Бұл туралы бүгін әкімшілік қабырғасында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. «Aстана LRT» ЖШС басқарма басшысының көлік жөніндегі орынбасарының айтуынша, аталған азаматтар ішкі ережемен таныспаған.

Руслан Халилев,  «Aстана LRT» ЖШС басқарма басшысының көлік жөніндегі орынбасары:

Анықтап қараса, барлығы кіреберістегі шлагбаумда анық жазылған. Онда, егер көлігіңізді 30 минут қалдырсаңыз, тегін. Ал 1 сағатқа 300 теңге төлейсіз. 1 сағаттан артық уақытқа қалдырар болсаңыз, әр сағаты 1500 теңге болатыны жазылған. Бұл әуежай қасындағы ашық автотұраққа қатысты. Ал егер сіз бір тәулікке немесе одан да көп уақытқа көлігіңізді қалдырып кеткіңіз келсе, жабық автотұрақты пайдалануыңызға болады. Ол жерде тәулігіне 2000 теңге төлейсіз.

Руслан Халилевтың айтуынша, аузы күйген азаматтар тек 2000 теңге төлеген. Түсіндіру жұмыстары осы апта көлемінде жүреді. Ал келер аптадан бастап, қойылған тариф қайта күшіне енеді,- дейді ол. Алдағы уақытта, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін, мобильді қосымша іске қосылады. Ал автотұрақ ақысы өзгермейді.

Айбек ҚОСАН