Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Доп ойнаған да озар. Ақтөбе өңірінде мектеп жанындағы спорт алаңдары көбейген

AstanaTV
08.12.2018ж. 20:00
3428
Доп ойнаған да озар. Ақтөбе өңірінде мектеп жанындағы спорт алаңдары көбейген

Баласының үйден шықпай телефонға, не теледидарға телмірмей, таза ауада доп теуіп ойнағанына ата-ана риза болатын уақытқа жеттік. Ақтөбе облысында облыстық бюджет есебінен, кей жерлерде демеушілердің көмегімен 21 көпсалалы спорт алаңдары салынды. Бесеуі қала мектептерінде, қалғаны аудандарда. Ақтөбелік тілшіміз Бақыт Рахметованың репортажы.  

Арынбек Қазбек елімізге танымал футболшы болғысы келеді. Арманына жету жолында күні-түні жаттығып, «Ақтөбе» футбол клубының жасөспірімдер құрамасына еніпті. Бозбала қазірдің өзінде командасында «Ең үздік ойыншы» атанып үлгерген. Ол күн сайын мектеп ауласындағы мына спорт алаңында дайындалады.

Арынбек ҚАЗБЕК, №49 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ:

Қыркүйек айында бізге осы поляны салды. Осы поляны салғанда балалар қуанып, бәріміз күнде келіп футбол, волейбол, баскетбол ойнаймыз. Құлағанда да ауыртпайды, іші резеңке поля. Дым қорықпай ойнай берсін.

Баласының үйден шықпай телефонға, не теледидарға телмірмегеніне, таза ауада доп теуіп ойнағанына ата-ана да дән риза. Тіпті болашағын үлкен спортпен байланыстырғысы келетін баланың бойындағы табандылығына өздері де тәнті.

Айнагүл ШӘМЕТЕЕВА, АРЫНБЕКТІҢ ӘЖЕСІ:

Қандай қара суық, аязды күн болсын, жаңбыр болсын, ауырсын, сонда да Арынбек «Жоқ әже мен баруым керек», дейді. Балам –ау, осы допты қашанғы теуіп жүресің, қоя қойшы десем: Жоқ, бұл менің болашағым шығар, дейді.

Нұрболат ҚУАНБАЕВ, №49 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Әрине, осы алаңды өте ұнатып, осы алаңда ойнағысы келеді. Өйткені доп та алысқа ұшпайды. Сосын ерекшелігі, құлағанда да резеңке төсеніш, жарақат та көп алмайды бұл алаңда.

Қала маңындағы Ақжар-2 елдімекенінде балалардың бос уақытта баратын басқа жері де жоқ. Сондықтан қолдары қалт етсе, ұялы телефонға телмірмей, осы спорттық алаңнан табылады.

Дәурен ДІЛМАН, №49 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мектебімізде 525 оқушы бар. Солардың 3 кластан 10 класқа дейін үйірме өтеді. Үйірмеге қатысатын балалардың барлығы осы жерде дайындалады.

Күн жылы кезде мұнда дене шынықтыру сабағын өткізеді. Спорт алаңының көлемі 392 шаршы метр. Балалардың қауіпсіздігі үшін жан-жағы қоршалған, қысы- жазы қолдану үшін жасанды шөп жабыны төселген. Ерекшелігі - бір алаңда спорттың бірнеше түрімен айналысуға жағдай жасалған.

Әлішер МӘЖІТ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ АҚТӨБЕ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Многофукционалдық дегенде негізі бес спорт түрі бар. Гандбол, футбол, баскетбол, волейбол, стритбол, шағын футбол барлығын осы жерде ойнауға болады. Дене шынықтыру сабағы аясында эстафета және қызықты басқа да шаралар өткізуге болады.

Бұл қаламыздағы № 55 орта мектеп, көп салалы спорт алаңы бұл жерде де салынған. Және оқушылардың күзде мектепке келуіне қарсы дайындап, оларды бір қуантқан.

Гүлбақыт ЖАҚСЫҒАЛИ, № 55 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ:

Жазғы демалыстан келген балалар үшін тосынсый болды. Спорт алаңының ашылуы біздің бос уақытымызды өте тиімді пайдалануымызға берілген үлкен мүмкіндік.

Әмірхан ОРАЗБАЕВ, № 55 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ:

Қазір мынау ашылғалы жерде таймасын. Жері ыңғайлы. Аз бала болып өзіміз тактикамен жақсы ойналады, ойын да. Қатты тебетін балалар болады. Сол доп ұшып кеткенде көшенің әр жағына бұрын шаршап жүгіріп жүретін едік. Забор болған соң доп қанша тепсең де шықпайды алаңнан.

Мектептерде спорт алаңдарын ашу «Нұр Отан» партиясының жобасы. Облыстық бюджет есебінен, кей жерлерде демеушілердің көмегімен салынған. Қазір Ақтөбе облысында 21 көпсалалы спорт алаңы бар. Олардың бесеуі қала мектептерінде, қалғаны аудандарда. Мұндай алаңдарды келесі жылы екі есеге арттыру көзделіп отыр.

Бақыт Рахметова, Нұркен Жалмұхан «Біздің уақыт»