Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Алматылық жастар Нұрсұлтан Назарбаевты гүл шоқтарымен қарсы алды

AstanaTV
26.03.2019ж. 20:00
2812
Алматылық жастар Нұрсұлтан Назарбаевты гүл шоқтарымен қарсы алды

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға барды. Тұңғыш Президентті әуежайда жастар салтанатты түрде қарсы алды. Жастар ұйымының өкілдері Елбасына өскелең ұрпаққа көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін, әрі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтты. Екі мыңға жуық алматылық студентке Тұңғыш Президент ұшақтан түскен бойда жақындап, еркін сұқбаттасты. Елбасы өзі күтпеген, бірақ қуаныш сыйлаған тосын кездесуді ұйымдастырған жастарға жеке алғысын білдірді.  

Тұрал МАМЕДОВ, СТУДЕНТ: 

Нұрсұлтан Әбішұлы біз үшін маңызды бір адам. Себебі, Қазақстанда тату-тәтті өмір сүргенім үшін. Қаншама ұлт, 140 тан астам ұлт бар, бәріміз тату-тәтті өмір сүріп, өз тілімізді, өз салт-дәстүрлерімізді дамытқанымыз үшін, сол мүмкіндікті бізге бергені үшін алғыс білдіргіміз келеді.

Сандуғаш ӘЛІК, СТУДЕНТ:

Жастар жылына орай сіз бізге ерекше сыйлық жасадыңыз. Жақында ғана біздің университет «Ұлттық» университет мәртебесіне ие болды. Қазақ қыздарының қарагөз қыздарының атынан сізге шын ризашылығымызды білдіреміз. Мың алғыс сізге біздің тұңғыш президентіміз. Үлкен рахмет қадірлі, Елбасы!

Айта кетейік, Алматыда биыл екінші жыл қатарынан 2020 жылға дейінгі Жол картасы жүзеге асып жатыр. «Алматы жастары» қалалық тұрғын үй бағдарламасы арқылы жас отбасылар алғашқы жарнасыз 5% несиемен жеңілдетілген ипотекаға қол жеткізе алады. Елбасының тапсырмасы бойынша Алматыда өткен жылы бірнеше жатақхана іске қосылды, биыл тағы 2680 орынды 5 жатақхана салу жоспарланған. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы арқылы қалада білім гранттары 1,5 есе өсіп, 28 мың грантты құрады. Алматыда тұрмысы төмен отбасылардың үздік оқушыларына осы айдан бастап стипендия беріле бастады, яғни, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері ай сайын 10 мың теңгеден, ал мектеп оқушылары 5 мың теңгеден алуда. 

Р. Асқарбекұлы