Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Алматыда құбырдың жарылуынан 4 адам зардап шекті

AstanaTV
10.04.2019ж. 20:00
3360
Алматыда құбырдың жарылуынан 4 адам зардап шекті

Алматыда ыстық су құбырының жарылуынан зақымданған пәтерлер мен сауда орындарын қалпына келтіру жұмыстары екі күннен кейін басталады. Жөндеу жұмыстарын «Алматы жылу желісі» кәсіпорыны жүргізеді. Ал, автокөліктер- сақтандыру компанияларының есебінен жасалмақ. Бұл туралы бүгін түстен кейін инженерлік желіге жауапты коммуналдық мекемнің өкілдері мәлімдеді. Таңға жуық қала орталығында жылу трассасы жарылып, оқиға орнында зардап шеккен 3 адам ауруханаға түсті. Оқиғаның мән жайын Ришат Асқарбекұлы баяндайтын болады.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Оқиға дәл қаланың ортасында халық тығыз қоныстанған ауданда орын алды. Ел қалың ұйқыда жатқан сәтте, яғни, таңғы 4-тен 15 минут өткенде жер қопарылып, асфальт сынықтары мен тас араласқан су үйдің 4-ші қабатына дейін көтерілген. Су нөпірімен пәтерлерге қарай атқылаған.

Оқиға болған сәттен кейін тараған мына кадрлерде будан дала көрінбейді. Көліктер мен ары-бері жүрген адамдардың сұлбасы мен даусы ғана естіледі. Оқиға орнына жеткен төтеншеліктер іштен адамдарды алып шығуға тырысқан. Үйде электр энергиясы мен өзге де инженерлік желілер ажыратылды. Пәтер ішіндегі көріністерге қарап, жарылыстың қатты болғанын байқау қиын емес. Барлық пәтерлердің терезелері сынған.  

Тимур ЫСҚАҚОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Судың нөпірі үстіңгі қабатқа жеткені таңқалдырды. Демек, жарылыс қатты болған. Анам осы бөлмеде жататын еді. Күйіп қалды. Жуынатын бөлмелерден әлі су ағып тұр. Ең қатты зақым келген осы бөлме.  

Кейбір баспаналардың ішін әкімдіктің нұсқауымен еріктілер тобы жинастырып, суын құрғатуға кіріскен. Пәтер иелерінің арасында бүлінген дүние-мүліктің құнын бағалайтын мамандарды күтіп отырғандар бар. Ал далада автокөліктерінің жағдайына алаңдаған азаматтар да жүр. Онға жуық автокөлік бүлінген. Арасында қатты қирағандары да кездеседі.  

Адель ӘДІЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Тастар жан-жаққа ұшқаны көрініп тұрды. Құдайға шүкір машинада адамдар болмаған. Қазір барлығы 7 көлік бүлінді деп отыр. Көліктер арзан тұрмайды, бізге қалпына келтіріп беруін сұраймыз. Мен алдын ала есептеуім бойынша 500 мың теңгедей шығынға батпақпын.

Оқиға орнында зардап шеккен 4 адамның 1-і амбулаториялық емге жіберілген. Қалған үшеуі жарылыстан соң екі сағат өткенде №4 клинкалық ауруханаға жеткізіліпті. Олардың екеуі сексен жастағы қария.  

Қанат ТЕЗЕКБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ №4 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: 

Барлығы үш науқастың да аяқтары күйген. Жағдайлары ауыр емес, операция қажет етпейді. Жақпа майлармен емдеп жатырмыз. Шамамен 10 күндей жатуы керек.

Ян ГИРИН, «АЛМАТЫ ЖЫЛУ ЖЕЛІСІ» КӘСІПОРНЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Барлық пәтерлер компанияның есебінен жөнделетін болады. Басшылық осындай шешім қабылдады. Автокөліктер бойынша сақтандыру компаниялары жұмыс жасап жатыр. Ешкім көмексіз қалмайды.

Пушкин мен Төле би көшелерінің қиылысындағы ыстық суға арналған құбыр 1993 жылы ауыстырылған. Пайдалану мерзімі 25 жыл. Мамандар құбырдың тозуы жылу магистралының жарылуына әкеп соқты деген алдын ала қортынды жасап отыр. Бүгін түс ауа тұрғындарға ыстық су мен электр энергиясы беріле бастаған. Айта кетейік, бұл Алматыда жиі қайталатын құбылыс. Осыдан төрт жыл бұрын жылу трасасы жарылып, көшеде кетіп бара жатқан зейнеткер қайтыс болған еді.  

Р. Асқарбекұлы