Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Таразда жүзге жуық көпқабатты үйде ыстық су жоқ

AstanaTV
29.04.2019ж. 20:00
4993
Таразда жүзге жуық көпқабатты үйде ыстық су жоқ

Таразда сәуір басталғалы 900-ге жуық көпқабатты үйге ыстық су беру тоқтатылды. Бұқара бұл түйткілдің 30 жылға созылып келе жатқанына наразы. 400 мың халқы бар облыс орталығында ыстық су мәселесі қашан шешімін табады? Данияр Әлімқұл анықтап көрді.    

Биыл жамбылдықтардың қысы қатты болмаса да, көктемі кеш келді. Көптің айтуынша, күн райы күрт суыған сәтте жауаптылар ыстық суды тоқтатып тастаған. Қара суықта мұздай суға малындық деген ел әкімдік әрекетіне наразы. Олар есісене ток пен газды еселеп пайдаланып жатқандарын айтады. Сондай-ақ, жаз бойы ыстық су бермеу әдетке айналғанына ширек ғасырдан асқанын жеткізді.    

Райкүл БОЛАРБАЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:   

Жылда өшіріп тастайды. Бәлен уақытта береміз, түген уақытта береміз дейді, әлі жоқ, міне! Қашан береді ыстық суды бізге, қай уақытта береді? 30 жыл болды ғой, өшіріп келе жатыр деп отырмыз ғой, айналайын-ау. Мына мұздай суға балаларды жуындыра алмаймыз. Үйдің іші суық. Жылы су жоқ. Жылуды ерте тоқтатты биыл тағы да.

Нұрхан ОРАЗБАЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:   

Жылуды өшіріп тастасын да, ыстық суды бере берсін. Жылда осы, бір ай дейді, сонымен бір ай емес, бір жарым, екі ай жүреміз. Күзге дейін бермейді. Көшенің бәрін қазып тастады, талқанын шығарып. Ей, сол істеген сайын, кран қойып ашып қойсын. Қазір дамыған заман ғой. Жылда осы сылтау.

Қаладағы 900-ге жуық көпқабатты үйде ыстық су жоқ. Атқамінерлер жылу құбырларын жөндеп жатқандықтан ыстық су келетін құбырды тоқтаттық деп отыр. Енді Ораза айының келуіне орай уақытша ыстық су беру жолдарын қарастырып жатқандарын айтады.    

Сағи УТЕЛОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫ ЖЫЛУ, ЭНЕРГЕТИКА БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:  

Бұны біз бір дағдыға айналдырып, не болмаса әдетке айналдырып отырғандай ешқандай мәселе жоқ. Бұл кезде бәрі техникалық тұрғыдан саналған. Республикалық бюджеттен биыл 9,8 млрд теңгеге 7,6 шақырым жылу желісін ауыстыруға қаржы бөлінген болатын. Тараз қаласында 123 үй мүлдем ыстық су алмайды, осы жобалардың аясында. Ал, 712 үй ыстық сумен қамтылады.

Былтыр қалада 1,8 млрд теңгеге 3 шақырымды құрайтын ыстық судың құбыры жөнделген. Келесі жылы 6 шақырымға жуық жерасты құбырлары қайта жаңармақ.  

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ: 

Көне қала саналатын бұл қалада құбырлар 1970, 80-ші жылдары тартылыпты. Олардың жалпы ұзындығы 188 шақырымнан асады. Қазір олардың 70 пайыздан астамының тозығы жетіп тұр.

Д. Әлімқұл