Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Түркияда екі мыңнан аса қонақ үй сатылымда тұр

AstanaTV
19.04.2016ж. 20:00
2647
Түркияда екі мыңнан аса қонақ үй сатылымда тұр

Түркияда туризм саласы уақыт өткен сайын тұралап барады. Әсіресе қонақ үй қожайындары қиын жағдайда. Елдегі қонақ үйлер қауымдастығы дерегінше соңғы екі айда аталған сектордың табысы 50 пайызға төмендеген. Сатылымға шыққан жылжымайтын мүліктер арасында қонақ үйлер саны артып отыр.

Қонақ үйлердің көптігі жағынан Түркия әлемде алғашқы орында тұрған мемлекеттің бірі. Олардың басым бөлігі туристер көп шоғырланған Измир, Ыстамбұл, Анталия қалаларында орналасқан. Дәл осы қонақ үй секторындағы кәсіпкерлер қауымының соңғы уақытта жағдайы мәз емес. 

Халил Чэкер қонақ үй бизнесімен отыз жылдан бері айналысады. Ыстамбұлдың орталығындағы алып ғимаратының табыс тапқанына емес, өз шығынын жапқанына қуанып отыр.

Халил Бүйік Чэкер, қонақ үй директоры: 

Туристер келмегендіктен, бөлмелеріміздің бағасын төмендеттік.  Бәрібір келушілер саны тым аз. Қонақ үйіміздің жартысынан көбі бос тұр. Қайткенде де толтыру үшін барымызды салып, жарнама жасап, арнайы жеңілдіктер ұсынудамыз. 

Үнемі қонақ үзілмейтін мейманханалардың бос тұруы кәсіпкерлерді тығырыққа тіреген. Кейбірі дағдарысқа төтеп беру үшін қызметкерлерін қысқартып, қаражат үнемдеуге көшті. Жұмысын тоқтатып, есігіне қара құлып салғандар да бар. Бос тұрған қонақ үйлер саны жағынан Анталия мен Ыстамбұл көш бастап тұр. 

Өмер Фарух Эрден, қонақ үй менеджері:

Ыстамбұлдың кіндігінде орналасқан қонақ үйіміз туристердің барлық сұранысына сай деп толық сеніммен айта аламыз. Алайда, саяхатшылардың саны өте аз. Жылда осы уақытта барлық бөлмелеріміз толы болатын. Дегенмен әлі де үміт үзбей тұрақты келіп тұратын туристерімізді күтеміз.

Жергілікті сарапшылардың мәліметінше, Ыстамбұлдағы толмай қалған қонақ үйлер былтыр 11 пайызды құраса, биыл төрт айдың өзінде 48 пайызға жеткен. Осылайша, Ыстамбұл турисінен тез айырылған шаһардың бірі болып отыр. Түркия бойынша екі мыңнан аса қонақ үй сатуға шығарылған.

Орхан Шенгөз, жылжымайтын мүлік сату компаниясының директоры:

Бес және жеті жұлдызды алып қонақ үйлерге кіріс келмесе, шығыны шаш етектен болары белгілі. Сондықтан ай сайын сатуға қойылған қонақ үйлер саны өсуде. Егер мемлекет ішкі қауіпсіздік мәселесін қолға алмаса, туризм саласы құлдырап, кәсіпкерлеріміз бүінгіден де зор қиындыққа тап болары анық.

Түркия қонақ үйлері бағаны 40-45 пайызға дейін төмендеткен. Алайда, топырлап келіп жатқандар аз. Әсіресе Анталия жағалауында жиі демалатын ресейліктердің орны ойсырап қалғанын, туризм саласындағылар өкінішпен жеткізді.

Самат СҮЛЕЙ