Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарда адамды соққыға жыққан күдікті іздестіріліп жатыр

AstanaTV
30.03.2016ж. 20:00
1586
Павлодарда адамды соққыға жыққан күдікті іздестіріліп жатыр

Керекуде тұрақты мекені жоқ адамды аяусыз соққыға жыққан күдікті іздестіріліп жатыр. Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, қазірде бұл оқиғаға қатысты «Бұзақылық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Әлеуметтік желілердің бірінде бейнетүсірілім жарияланған соң, құқық қорғау органдары істі қолға алған.

Павлодардың көп қабатты үйлердің біріне ілінген камераға белгісіз жігіттің алаңсыз отырған адамды оңбай сабағаны жазылып қалған. Жәбірленуші өзіне тап берген жанға қарсылық та көрсете алмады. Қатты соққыдан есінен танып құлаған. Ал ісін аяқтаған бұзақы жайбарақ кете барды. Тәртіп сақшылары бұл жайтты бақылауға алғанын жеткізді. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті іздестіріліп жатыр. Белгілісі, таяқ жеген адам 56 жаста, үй-күйсіз.

Баян Мағзұмова, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Егер де қылмысты жасаған күдікті ұсталса, міндетті түрде ол жазаға тартылады. Қазіргі кезде қылмыстық іс «бұзақылық» бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл баптың 1-ші бөліміне сәйкес күдіктіге 2000 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.