Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Ұлттық банк АҚШ валютасына деген сұраныстың төмендегенін мәлімдеді

AstanaTV
30.03.2016ж. 20:00
1416
Ұлттық банк АҚШ валютасына деген сұраныстың төмендегенін мәлімдеді

Елдегі инфляция деңгейі жыл соңында 8 пайыздан аспайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «Самұрық-Қазына» қорының бастамасымен өткен «Корпоративтік басқару: Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына жаңа көзқарас» атты ұлттық форумында айтты. Форум аясында маңызды, тіпті өткір мәлімдемелер жасаған бірден бір адам Данияр Ақышев болды. Ол корпоративтік басқару жүйесін де сынап, оның тәсілдерін халықаралық стандарттарға сай қайта қарау керектігін айтты. Басты ньюсмейкер айтқан маңызды бағыттарды назарларыңызға ұсынамыз.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Қазақстанға экономиканы қаржыландыру көзі ретінде қор нарығы мен акционерлік капитал керек пе деген сұраққа тағы бір мәрте жауап қажет. Өйткені бізде қорландырудың банктік моделі қалыптасқан. Оның негізгі құралы - банк несиесі. Ұлттық банк теңге бағамының күрт ауытқуының алдын алу үшін валюта нарығына қатысу құқын өзінде қалдырады. Және еркін айырбас бағамы саясатын жүргізуді жалғастырады. Бірінші сәуірден бастап Ұлттық банк валюта нарығындағы интервенция көлемін ай сайын және қаржы нарығындағы операциялар туралы мәліметті күн сайын жариялайтын болады. Ұлттық банк жақын арада құнды қағаздар нарығын дамытуға қатысты бірқатар тұжырымдамалық бағыттар ұсынады. Құнды қағаздар нарығын қайта жүктеу керек деп санаймыз. Бұл балама ретінде ұйымдастырылған акциялар мен облигациялар нарығын құру жолымен жасалады.

Ұлттық банк төрағасы халықтық IPO бағдарламасын сынап, оған халықтың аз тартылып жатқанын айтты. Тіпті әлеуметтік желілердегі парақшаларында жазылған оқырмандарының саны, жекелеген адамдардың оқырмандарынан әлдеқайда аз екенін тілге тиек етті. Ал базалық мөлшерлеме әзірге 17 пайыз көлемінде сақталмақ.

Айгүл ӘДЕПБАЙ