Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Оралдықтар туды балконға ілу бастамасына қолдау білдірді

AstanaTV
20.10.2022ж. 20:00
2368
Оралдықтар туды балконға ілу бастамасына қолдау білдірді

Үй сыртына ту ілу бастамасын оралдықтар да қызу қолдап жатыр. Қала тұрғындары көк байрақты балкондарына іліп, өзгелерге үлгі көрсетуде.

Орал қаласының тұрғыны Тиышбай Тұртаев бірнеше жыл бойы шаңырағының төрінде ілулі тұрған көк тудың орнын бүгін ауыстырды. Келіншегімен бірге байрақты өзі тұратын үйдің ең көрнекті жеріне іліп қойды. Желмен желбіреген көк ту алыстан көз тартып әдемі көрінеді.

Тиышбай ТҰРТАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев іссапарға шыққан кезде, әлемдік додаларда біздің чемпиондарымыз ел намысын қорғаған кезде біздің көк Туымыз көтерілетін еді. Енді жұмыстан шаршап келе жатқан кезде өзіміздің балконымыздан көк туымызды көрген кезде бізде сондай мақтаныш сезімі орнап, жұмысымыздан шаршағанымыз басылып, қазақ елінің азаматы екенімізді білдіретіндей сезімде күй кешеміз.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Көк туды көпқабатты үйлердің балконына осылай ілуге болады. Бұл үшін тудың сабын терезенің астына мықтап тұрып бекітсе, жеткілікті. Бұл іске бар болғаны бір-екі минут қана уақыт кетеді.

Жүрек төрінен жол тапқан челленджді қолдағандардың бірі- Жадыра. Бүгін дүкеннен туды арнайы сатып алып, үтіктеп, қыртысын жазып, үйдің ең жоғары қабатында желбіретті.

Жадыра БАРАҚОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Анталияда болған кезде әрбір үйдің, тіпті автокөліктің, таксилердің ішінде тулар ілулі тұрады. Көптеген үйлердің балкон-қылтималарынан көріп жүрген едім. Кеше инстаграм желісінен естіп, өте қуанып, өзімнің үйімнің қылтимасынан ілуге бекем болып отырмын.

Оралдықтар Республика күніне құрмет ретінде мемлекеттік рәмізіміз – көк байрақты балконға ілу челленджін осылайша жалғастыруда.

Е. Карин