Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Шымкентте былтырғы жылы жаңғыртылуы тиіс 17 көпқабатты үй жөнделмей тұр

AstanaTV
30.03.2016ж. 20:00
2017
Шымкентте былтырғы жылы жаңғыртылуы тиіс 17 көпқабатты үй жөнделмей тұр

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғыртуға қаржы тапшы. Салдарынан мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өткен жылы жөнделуі тиіс 17 үйдің тұрғындары, "маңызды құрылыс басталмай тұр" деп қынжылады. «Шымкент тұрғын үй» серіктестігі өкілдерінің  айтуынша, бар мәселе қаржыға кеп тіреліп тұр. Тіпті  биыл кезек күткен үйлердің саны 66-ға жеткен. Бірақ бұл мақсатқа биыл қазынадан бір тиын да қаралмады дейді жауаптылар.

Күзде жасадық мына ремонтты. Енді қазір жаңбыр жауса, тағы отырамыз, тазик қойып, күтіп отырамыз.

Төбедегі жағымсыз өрнектер Лейла Бектұрғанованың пәтеріндегі соңғы оншақты жылдан бергі қайталанып келе жатқан көрініс. Айтуынша, қос қабатты үйдің шатыры шұрқ тесік. Сондықтан жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеуге өтініш беріпті. Бірақ үміт еткен құрылысты күткелі, үшінші жылдың жүзі болса да жөндеу жұмыстары әлі басталар емес,- дейді пәтер иесі.

Лейла Бектұрғанова, қала тұрғыны:

Өткен жылы біз облыстық әкімдікке жазған кезімізде, осы мартта бастаймыз деген. Міне, қазір әлі жоқ. Қаржысы жоқ дейді. Бірақ мына үйдің жағдайы нашар. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бір жағы құлап бара жатқаны сонша, міне, дуалдар жарылды 

Гагарин көшесіндегі 108 үйдің жөндеуді қажет ететін жері тым көп. Қос қабатты бұл үй осыдан 80 жыл бұрын тұрғызылған. Осында қоныстанған жиырма отбасы шатырынан бастап қасбетін сылап, электр желісі, үйдің жылу құбырларына дейін түгел ауыстыруды сұрап отыр.

Сағынтай Асқаров, қала тұрғыны:

Бұдан ұзақ тұра беретін болса, үйіміз құлайтын жағдайға түсті. Тездетіп ақша бөлсе дейміз, үкіметтен өтінетініміз.

Жаңғырту жұмыстарына жауаптылардың айтуынша, бұл үй өткен жылы жөнделуі тиіс 52 үйдің бірі болған. Алайда бөлінген қаржы небәрі 35 үйге жетіпті. 2015 жылдың екінші жартысына жоспарланғанмен, 17 үй қажетті 220 млн теңге бөлінбегендіктен қалып қойған. «Шымкент тұрғын үй» серіктестігі директоры орынбасарының мәліметінше, былтырғы жылы бар болғаны 252 млн теңге бөлініпті. 

Көпжан  Бақбергенов, «Шымкент тұрғын үй» ЖШС директорының орынбасары:

35 үйге келді, қалғанына қаражаты болмаған. Соны екінші кезекте жібереміз деген, келмеді. Әліге дейін қазіргі осы 17 үй өте қажет болған үйлердің қаражаты қалай келетінін де, не болатынын әлі білмейміз.

«Шымкент тұрғын үй» серіктестігі өкілінің айтуынша, жаңғырту бағдарламасы шеңберінде дәл қазір 66 үйдің құжаты әзір тұр.Тек қаржы тапшы. Бұл мақсатқа  700 млн теңге шамасында қаржы қажет екен.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Жаңғыртуды қажет ететін тұрғын үйдің бірі осы. Бірінші кезекте бұл баспананың іргетасын бекемдеу керек, дейді тұрғындар. Өйткені осыдан 64 жыл бұрын тұрғызылған бұл үйдің іргетас орны мынадай қызыл кірпішпен өрілген екен. Ал қазір құзданып, тіпті үгітіле  бастаған.

Александра Сагайдак, қала тұрғыны:

Үйіміз құлайтын түрі бар. Әр жері жарыла бастады. Біздің үйді жөндетуге 2014 жылы өтініш тастағанбыз. Тездетіп бастаса екен. Айтқан бағасына келісеміз. Тек тездетсе дейміз. 

Белгілі болғанындай, 2016 жылға жаңғырту жұмыстарына бір тиын да қаралмаған. Қаржының күрт тоқтауын тұрғын үй инспекциясының өкілі дағдарыспен байланыстырып отыр.

Бақытжан Сарбасов, Шымкент қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

Қазіргі таңда ақша бөлінбей тұр, бүкіләлемдік қаржы дағдарысы әсерінен. Бұл үйлерге 2017 жылы бөліну күтілуде қаржы. -2016 емес пе? -2016 емес, 2017-ге күтілуде. Алайда қазіргі мәжіліс депутаттарының жаңа сайлауы өткеннен кейін біз оны Астанаға хат жазып, қарастырамыз ақша бөлінуін.

Сала жауаптылары бағдарламаға сәйкес бір мүмкіндік құрылысы жүрген үйлерден қайтарылған қаражатта екендігін айтады. Қазіргі таңда 20 млн теңге шамасында қаржы бюджетке түсуі тиіс. Дегенмен оның өзі жеткіліксіз. Айта кетейік, бұл бағдарламамен Шымкентте ұзын саны 107 үй жаңғыртылған. Тағы 823 көпқабатты үй жөндеуді қажет етеді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ