Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Бізді шетелдік азық-түлік импортының жоғары деңгейі алаңдатады, - Қ. Тоқаев

AstanaTV
04.11.2022ж. 20:00
1037
Бізді шетелдік азық-түлік импортының жоғары деңгейі алаңдатады, - Қ. Тоқаев

Экономиканы монополиядан арылту – біздің ұлттық басымдығымыз. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларымен кездесуде осыны айтты. Президент жиынға қатысушыларға елдегі түрлі салада ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол адам құқықтарын қорғау мәселелеріне, соның ішінде өлім жазасын жоюға, конституциялық түзетулерді қабылдауға, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі мен мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өз саясатымызда «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» деген постулатты берік ұстанамыз. Сондықтан азаматтық қоғамның рөлін арттыруға, түрлі қоғамдық күштерді біріктіруге, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруға маңызды іс-шаралар қабылданып жатыр.

Мемлекет басшысы бүгінде әлемнің 180 елімен сауда жасау жолға қойылғанын айтты. Бүкіләлемдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, біздің шикізаттық емес өнім экспорты шамамен 40 пайызға өскен. Біз алдағы уақытта да инвестиция тарту бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық позициямызды нығайта береміз деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Әлемнің ең ірі он астық экспорттаушы елдер қатарына кіреміз. Қазақстан – зығыр тұқымын ірі өндірушілердің және майлы дақыл экспорттаушылардың бірі. Сонымен қатар бізді шетелдік азық-түлік импортының жоғары деңгейі алаңдатады. Бұл инфляцияның өсуіне алып келеді. Сарапшылар Қазақстандағы инфляцияға сыртқы факторлар ықпал ететінін айтып отыр.

Президент Қазақстан экономикасындағы көлік-логистика саласына да тоқталды. Сөз соңында Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Орталық Азия аймағы барлық мүдделі мемлекеттермен және ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ашық әрі дайын екенін айтты. Сонымен қатар, БҰҰ-мен тығыз ынтымақтастықта Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың негізгі қағидаттарын сақтауды қолдайтынын атап өтті. Оны жойқын қару ретінде емес, халықтарымыздың тек бейбіт өмірі үшін пайдалану керек дейді мемлекет басшысы.

Ә. Дүкембаева