Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Мәжіліс депутаттары ел аралап жүр

AstanaTV
08.08.2016ж. 20:00
2646
Мәжіліс депутаттары ел аралап жүр

Жер кодексіндегі жаңашылдықтарды түсіндіру жалғасуда. Бұл игі іс «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқаны белгілі. Мәжілістегі партия фракциясының депутаттары  жергілікті жерлерде жұртшылықпен  кездесіп, жер мәселесіне қатысты халықты толғандырған сұрақтарға жауап  берді. Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман бүгін Оңтүстік Қазақстан өңірінің шаруаларымен кездесті. Республикалық жер комиссиясының жұмысына тоқталып, осы төңіректегі елдің пікіріне құлақ түрді. Облыстағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралап, ауыл шаруашылық саласында отандық өнімді өркендетіп отырған шаруашылық ұжымына атбасын бұрды.

Сайрам ауданындағы «Ет Агро-Манкент» - өндірістік кооперативі мал бордақылап, союмен айналысатын ірі шаруашылықтың бірі. Ондаған шаруа қожалығының басын біріктірген шаруашылықта 7 мыңдай ірі қара мен 1 мың бас жылқы бар. Кооперативте ұзын саны 200-дей азамат еңбек етеді. Әзірге тәулігіне 20 тонна сиыр етін әрісі Алматы мен көршілес Қызылорда, Тараз қалаларына 1 келісін 1100 теңгеден жеткізіп жүр. Шаруашылықтағылар жұмысын жолға қойғанмен, мал азығы жағынан қиындықтар барын жасырмады. Еттің өзіндік құнын бұдан да арзандатуға мүмкіндік бар, тек мемлекет тарапынан субсидия берілсе деген бұйымтайын халық қалаулысына жеткізді. Кооператив төрағасы, егер  жайылымдық жер болып, бордақы малды бір мезгіл жайып, әрі мал азығын өзімізде дайындауға арнайы жер болса, құба-құп болар еді деп санайды.

Жамалбек Утаев, «Ет Агро-Манкент» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы:

Мал бордақыда бір жерде тұрып бордақыланады, біздің аумақта тығыз орналасқан халық. Жайылым жер жоқ. сол үшін бір малдың өзіндік құны үлкендеп кетеді. Субсидия берілетін болса, соған арзан жем-шөп сатып алуға көмек болады, басқа мәселерде де еттің өзіндік құны арзандайды, субсидяның бірінші жағы. Екіншіден, малға арнайы қора жасауға болады.

Мұхтар Ерман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан»  фракциясының мүшесі:

«Жайылым» туралы заң жобасы қаралуда. Бұл біздің «Нұр Отан» фракцияның мүшелерінің бастамасы. Осы заң жобасын біз қазір жұмысқа алдық. Күзгі сессиядан біз осы жұмысты жалғастырамыз және де осы жайылым туралы заң жобасында және субсидиялар механизмінде жобасында біз көп мәселені шешуге тырысамыз.

Халық қалаулысы бүгін сондай-ақ Шымкенттегі құрылысы қызу жүріп жатқан «Адия» тұрғын үй кешеніне арнайы ат басын бұрды. Ал Сайрам ауылындағы 300 орындық су жаңа мектептің құрылысы аяқталып үлгерген. 1 қыркүйекте есігін оқушыларға айқара ашады. Мұндағы ескі білім ұясында 735 бала екі ауысымда білім алып келген екен.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ