Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Футбол аңызы Пеле 82 жасында көз жұмды

AstanaTV
30.12.2022ж. 20:00
2161
Футбол аңызы Пеле 82 жасында көз жұмды

Ассалаумағалейкум, спортсүйер көрермен! Спорт әлеміндегі соңғы ақпараттармен бөлісейін. Футбол аңызы Пеле 82 жасында ұзаққа созылған дерттен көз жұмды. Үш дүркін әлем чемпионы Эдсон Арантис ду Насиментудің дүниеден өткенін қызы Instagram-парақшасында хабарлады. Футбол патшасы қарашадан бері ауруханада жатқан. Желтоқсанның басында дәрігерлер оған химиотерапия көмектеспей жатқанын хабарлаған еді. Бірер күн бұрын теңбіл доптың тарланы отбасымен және достарымен қоштасыпты. Үш күн бойы Бразилияда аза тұту күні жарияланды.

Эвертон ЛЮЦИО, ФУТБОЛ ЖАНКҮЙЕРІ:

Пеле біз үшін Сантостың ойыншысы ғана емес еді. Ол біздің өміріміздің бір бөлігі болды. Отбасы мүшесінен айырылып қалғандаймыз. Пеле сияқты болуды армандамаған жан жоқ шығар?

Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты футболшы, үш дүркін әлем чемпионы Пеленің қайтыс болуына байланысты Бразилия Президенті Жаир Болсонаруға көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы футбол тарихындағы ұлы спортшылардың бірі ретінде оның футболды бүкіл әлемге танытуға зор үлес қосқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Пеле әрқашан футболға деген адалдықтың символы әрі жанкүйерлердің сүйікті футболшысы болды және солай болып қала береді. Сондай-ақ ол спорттың осы түрін ең жоғары деңгейге көтерді.

Әлемнің әйгілі футболшылары да аңыз тұлғаның қазасына байланысты көңіл айтып, онымен қоштасып жатыр.

Криштиану РОНАЛДУ, ПОРТУГАЛИЯ ҚҰРАМАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ:

Бразилия халқына және отбасына қайғырып көңіл айтамын. «Қош бол» деп айта салу футбол әлемінің қазіргі күйін сипаттауға аздық етеді. Пеле ешқашан ұмытылмайды және ол туралы жылы естеліктер футбол жанкүйерлерінің мәңгі есінде қалады.

Килиан МБАППЕ, ФРАНЦИЯ ҚҰРАМАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ:

Футбол королі бізді тастап кетті. Бірақ оның қалдырған мұрасы ешқашан ұмытылмайды. Жатқан жерің жайлы болсын!

НЕЙМАР, БРАЗИЛИЯ ҚҰРАМАСЫНЫҢ ШАБУЫЛШЫСЫ:

Футбол Пелеге дейін жай ғана спорт болды. Ол футболды өнерге айналдырып, бәрін өзгертті. Пеле өмірден өткенімен, тарихта аты қалады. Пеле мәңгілік!

Футболдан Ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев «Алтын адам» ұлттық премиясында «Жыл бапкері» номинациясының жеңімпазы атанды. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы өз тобында бірінші орын алып, УЕФА Ұлттар лигасының В лигасына шықты.«Жыл таңдауы» ұлттық сыйлығы Қазақстанда 2000 жылдан бастап өткізіліп келеді. Жеңімпаздар халық арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы, сарапшылардың дауыс беруі, ұйымдастырушылар және қазылар алқасының таңдауы бойынша анықталады.

Макгрегор Ирландиядағы ең танымал адам атанды. Ирландиялық спортшы ММА-де 28 жекпе-жек өткізіп, 22 рет жеңіске жетіп, алты рет жеңіліп қалған. Бұған дейін Конор 2023 жылы промоушенге оралуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

"Манчестер Ситидің" шабуылшысы Эрлинг Холанд Англия біріншілігінің жаңа рекордын орнатты. Норвегиялық сұрмерген Англия чемпионатында жиырма голды он төрт матчта салған алғашқы ойыншы атанып отыр.

Шахматтың рапид және блиц түрлері бойынша Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы медалін жеңіп алды. Қазақстандық шахматшы қытайлық Тань Чжунъимен тең түсіп, 11-кезеңнен кейін екі спортшы да 8,5 ұпайдан еншіледі. Президент дарынды шахматшыға талмай еңбек етіп, жеңістен жеңіске жете беруіне тілектестік білдірді.

Динара СӘДУАҚАСОВА, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Мен үшін бұл - үлкен мәртебе. Осындай құттықтауларды, сондай-ақ жылы лебіздер мен тілектерді алғаныма өте риза болдым. Президентке қазақ спортшыларының ерен еңбегіне назар аударғаны үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Кімге болса да бұл үлкен ынталандыру мен мотивация береді. Оның үстіне, қазақстандықтардың үмітін ақтау, жаңа белестерді бағындыру – үлкен жауапкершілік.

Жаңа жылда саңлақтарымыздың мерейі әрдайым үстем болсын!

Қ. Мерей