Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Мектебі жөндеуге жабылған оралдық оқушылар далада қалды

AstanaTV
19.09.2016ж. 20:00
2897
Мектебі жөндеуге жабылған оралдық оқушылар далада қалды

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы мектеп оқушылары далада қалды. Орта мектеп жөндеуге жыбалған. Бірақ құрылыс жұмыстары әлі басталмапты. Қазір 400-ге жуық оқушы мектептен тыс жұмыс орталығы мен аудандық білім беру бөлімі, тіпті өрт сөндірушілердің штабында оқып жатыр. Тілшіміз Еркін Карин, жаңа оқу жылы басталғалы 20 күн өтсе де, жөндеу жұмыстары неге басталмай жатқанын біліп қайтты.

Мектептің жөнделетініне қуанған оқушылар қажетті оқу құралдарын жаңа мекенге өздері тасып жүр. Сабақтан сұранып, ұстаздарына осылай қолғабыс етеді.

Артур Кәрімов, оқушы:

Мектеп жөндеуге жабылғасын, қазір лимонад цехында оқып жатырмыз. Енді жөндеу біткенін күтіп жүрміз. 

Мектебі жөндеуге жабылып, далада қалған оқушыларға аудандық мекемелер жанашырлық танытыпты. Мәдениет үйі мен балалар бақшасы бос бөлмелерін ұсынса, өрт сөндірушілер тіпті өздерінің штабын да босатып берген. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Дайыр Сапаров өз кабинетінің жанынан тағы төрт класқа орын тауыпты. Қазір оқушылар екі ауысым бойынша оқып жүр.

Маржан Сағитова, тарих пәнінің мұғалімі:

Екі ауысымға бөлінген сабақтар. Бірінші ауысымда 10 мен 11 сынып оқиды. Екінші ауысымда 8-9 сыныптар оқиды. Мұнда интерактивті тақта жоқ. Сондықтан компьютерлердің орнына сабақ кезінде ноутбуктерді қолданамыз.

Мектепті жөндеуге биыл шілде айында 162 миллион теңге бөлінген. Мұны білім бөліміндегілер айтты. Қаражат бар болған соң, оны келер жылға қалдыруды жөн көрмеген. Өйткені ауданда әлі осындай бес мектеп жөндеуге мұқтаж.

Дайыр Сапаров, БҚО Теректі аудандық білім бөлімінің басшысы:

Биыл - мектепті күрделі жөндейтін мезгіл. Егер келесі жылға қалса, мектеп күрделі жөнделмесе, жобалық-сметалық құжаттары жарамсыз болып қалар еді. Енді республикалық қор болғасын, мектепті жөндеп алу үшін жұмыстандық. Көптеген ата-аналар қатысып, өзінің негізгі ойларын айтқанда, осы мектеп күрделі жөндеуден өтсе екен деген ойларын айтты. Уақытша қиындыққа шыдаймыз, мектепті жөндеген дұрыс болар еді дегенді бәрі бір ауыздан қолдады.

Қазір мектеп қаңырап бос тұр. Ақша шілдеді бөлінгенімен, жұмыс әлі басталмаған.

Еркін Карин, тілші:

Жоспар бойынша мектепке ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, есік-терезелері мен едендері жаңасына алмастырылуы тиіс болатын. Бірақ қыркүйектің бел ортасынан асса да, жөндеу жүргізер мердігер мекеменің кім екендігі әлі анықталмапты. Арнайы құрылған комиссия мұны бірер күнде анықтайды дейді, аудандық білім бөлімінің басшылары.

Бұған дейін мектептің шатыры жаңартылып, асханасы мен жылу жүйесі, спорт залы жөнделген екен. Сондықтан мамандар қалған жұмыстар 20 қарашаға дейін аяқталады деп отыр.

Еркін КАРИН