Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Оралдықтар ішкен суын көшеге төгуде

AstanaTV
28.09.2016ж. 20:00
2948
Оралдықтар ішкен суын көшеге төгуде

Оралдың ескі бөлігіндегі 28 үйдің тұрғындары әкімдіктің қол ұшын беруін сұрап отыр. Олар шайынды суды көшеге төкпес үшін орталықтандырылған кәріз желісіне қосылғылары келеді. Ал кәріз құбырын жүргізуге кемінде 16,5 миллионн теңгедей қаражат керек. Ал есік алдынан шұңқыр қазуға тыйым салынған. Шайынды суды қайда төгерін білмей дал болған оралдықтармен тілшіміз Еркін Қарин тілдесіп келді.

Күнсұлу апайдың күндегі тірлігі осы. Үйінде құбырдан ағып тұрған суды пайдаланғасын, сыртқа шелектеп төгеді. Өйткені бұл көшеде кәріз құбыры жоқ. Ал үйінің алдынан жуындыға жер қазуға әкімдік рұқсат етпей, қайта көмдіріпті.

Күнсұлу Әбдірахманова, Орал қаласының тұрғыны:

Әуелде ана жерге гүл ектім, сирень ектім. Енді бәрін тастадым. Екпеймін! Үкіметтің жері, үкімет келіп тазаласын. Мен шарбағымды тазалаймын, ал ана жерді жинап неғылам. Тап осы жерден алақандай жер берсе, шұңқыр қазып қояр ем, оған әлім жетеді.

Дені қариялар мен мүгедектерден тұратын Жүнісов көшесіндегі 28 үйдің жағдайы осы. Орталықтандырылған кәріз құбырына қосылу үшін өздері әр үйден 5 мың теңгеден ақша жинап, жобалау-сметалық құжаттарын өздері жасатқан. Коммуналдық мекемелерден қайран болмағасын, қала әкіміне дейін барып, ақыры тауы шағылып қайтыпты.

Бәтима Қазенова, Орал қаласының тұрғыны:

Әкімге бардым. Зашағанға су өткіземіз, бір жерге жол өткіземіз, бір жерге свет өткіземіз, әзір күтіңіз, апа, ескі аудан, қай жақта болады, мүмкін, сіз көрмесеңіз, немереңіз көрер деп, шығарып салды.

Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер мемлекет қаржысы тек үлкен нысандарға бөлінетінін айтады. Сондықтан жеке тұрғын үйлерге қаражат қарастырылмаған. Ал әкімдіктің есебі бойынша құбыр тарту жұмыстарына 16 миллионнан астам теңге қажет.

Миржан Нұртазиев, Орал қалалық ТҮКШ және АЖ бөлімі басшысының орынбасары:

Орталықтандырылған кәріз құбырына қосылуды тұрғындар өз қаражаты есебінен жүргізуі керек. Егер алыс деп санаса, бірнеше үй қосылып та жүргізуге болады құбырды. Қаланың аумағында, ауланың сыртында септик қазуға рұқсат берілмейді. Ал егер септик қазғысы келсе, тек өз ауласынан ғана қаза алады.

Мамандар бұл қаланың ескі бөлігіне тән жағдай дейді. Сондықтан жаңадан салынған ықшамаудандардың кем-кетігі бітелмейінше, шаһардың көне аудандарындағы тұрғындарға төзімділік танытуға тура келеді.

Еркін КАРИН