Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Сенатор шетелдіктер асырап алған балалар туралы толық ақпарат беруді сұрады

AstanaTV
28.09.2023ж. 22:20
1542
Сенатор шетелдіктер асырап алған балалар туралы толық ақпарат беруді сұрады

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында шетелдегі қазақтарды қолдау туралы бірқатар мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың айтуынша, ресми мәліметтерге сәйкес шетелде 4 миллионға жуық, ал бейресми мәліметтерге сәйкес 7 миллионға жуық қазақ тұрады. Депутат олардың көпшілігінің тарихи отанына оралу ниеті бар екенін айтты. Алайда, мұндай қадам жасауға оларға тұсау болатын бірқатар себеп бар.

«Қандастардың елімізге көптеп келе алмауы себебіне тоқталсақ, басқа мемлекеттерде өздерінің ұлты қазақ екендігін дәлелдей алмай жатады. Ал білім беру саласындағы айырмашылықтар және басқа да мәселелер келгендердің мүмкіндігін шектеп жатады», - деді Ғ. Сарыбаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар депутат халықтың көші-қон мәселелеріне қатысты қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге жиі өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтты. Сенатор осыған байланысты Үкіметтен көші-қон саласында жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы толық ақпарат беруді сұрады.

«ҚР Сыртқы істер министрлігінің шетелдік дипломатиялық мекемелерінде құрылған арнайы комиссиялардың жұмыстарын қайта жандандыру керек. Әртүрлі себептермен шетелде жүрген отандастарымыздың қиын жағдайларға тап болғанда оларға көрсетілетін көмектерді қайта зерделеуді, сондай-ақ 1990-2000 жылдары бала кезінде шетелдіктер асырап алған жетім балалардың жағдайы туралы толық ақпарат беруді сұраймын», - деді Ғалиасқар Сарыбаев.