Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

"Бәрі көктемде дүниеге келген": Ақтөбе облысындағы шағын ауылда 14 егіз тұрады

AstanaTV
19.10.2023ж. 12:00
752
"Бәрі көктемде дүниеге келген": Ақтөбе облысындағы шағын ауылда 14 егіз тұрады

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданына қарасты Жосалы ауылы халық арасында "егіздер ауылы" аталып кеткен. Ауылда 500-ден аса ғана халық тұрады. KAZ.NUR.KZ тілшісі шағын ауылдың ерекшелігімен танысу үшін арнайы барып қайтты.

Қарғалы ауданындағы осы бір кішкентай елді мекендегі мектеп пен балабақшада қазір 4 жұп егіз болса, жалпы 14 жұп егіз тұрады екен.

"Қазір бізде төрт жұп егіз бала бар. Екі жұп мектепте, екі жұп мектеп жанындағы балабақшада тәрбиеленеді. Ауылымызда біз білетін 15 жұп бар. Бұған дейінгі тарихы зерттелмеген. Қазір балалар ғылыми жоба ретінде қорғағысы келеді. Егіздер туралы ақпарат жинап жүр", - дейді Жосалы орта мектебінің директоры Еркін Елеуов.

Алдымыздан егіз балаларымен шыққан Инна есімді ауыл тұрғыны арғы тегінде егіздер болғанын айтады.

"Балаларым 2012 жылы наурыз айында өмірге келді. Қазір 6 сыныпта оқиды. Менің туыстарымда егіздер кездеседі. Інімде егіз бала бар. Әжемізде егіз болған. Осы ауылдың түпкілікті тұрғынымыз", - деді егіздің анасы Инна Пицык.

Ал мектеп мұғалімі оқушысымен бірге ауылдағы демографиялық ерекшелікке ғылыми зерттеу жүргізуді бастап кеткен. Егіздер туралы зерттеу жүргізген мектеп мұғалімі.

"Қазіргі таңда оқушыммен бірлесіп "Егіздер ауылы" деген тақырыпта зерттеу жүргізіп жүрміз. Ауылымызда дүниеге келген егіздер туралы ақпарат жиналды. 20-ға жуық жұп туылған деген мәлімет бар. Қазір ауылда 14 жұп тұрады. Олар туралы ақпарат пен суреттерін жинап қойдық. Біз жүргізген шағын зерттеуде ауылымыздағы келіншектердің дені 38-39 жасында егіз туған. Тағы бір қызық мәлімет - ауылымызда әр жылдары өмірге келген егіздер көктем мезгілінде дүниеге келген. Оның бәрін жобада жаздық",- деді Жосалы мектебінің мұғалімі Гүлден Ахметова.

Ауыл мұғалімінің айтуынша, әдетте тұқым қуалайтын бұл құбылыс Жосалыда ерекшелікке ие. Жеті атасында егіз балалар болмаған отбасыларда қос-қостан егіз әкелген келіндер бар. Егіздердің алды үйлі-баранды болып, кейбірі өзге өңірге қоныс аударған. Никита мен Маргарита.

Егіздерге қатысты ауыл дәрігері де тың ақпаратпен бөлісті.

"Жосалы ауылы туралы көп айтуға болады. Егіздер бүгін пайда болған жағдай емес. Ауылда егіздің көптеп туғаны бізге де қызық. Өзімізше зерттеу жасаймыз. Бұл жақтың табиғаты таза және өте әдемі. Халық табиғи өнім тұтынады. Балығы дәмді, егіні жоғары сұрыпты. Май мен сүті де таза өнім. Халық тұрмысы жақсы. Ата-ананың дені сау болған соң өмірге келетін баланың жағдайы жақсы болады. Халық шипалы бұлақ суын ішеді. Табиғаты сұлу ауылымыздың да бұл ерекшелікке қатысы болуы мүмкін", - деді Жосалы ауылының медициналық пункт қызметкері Алмагүл Бижанова.

Жосалы ауылының тағы бір ерекшелігі - халқының ұзақ өмір сүруінде. Қазір ауылдағы ең үлкен ақсақал 87 жаста. 80 жастан асқан ақсақалдар аз емес. Жүзге жуық үлкен кісі бар.

"Ауылымыздың табиғаты ерекше, таза. Қазір жасым 84-ке келді. 74-78 жастағы жігіттер бар. Енді олар бізге жігіт. Ауылымыздың ауа райына да көп нәрсе байланысты. Экологиясы таза. Кеудеңді ашып демаласың. Шөбере, жиен, жиеншардың қызығын көріп отырмын”,- деді ауыл ақсақалы Жаныс Мысаев.


Ауыл халқы мал ұстап, егінмен айналысып отыр. Мұнда 20-ға жуық шаруа қожалығы бар. Ауылда мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, амбулатория, балабақша жұмыс істеп тұр.

"Ауыл халқының ахуалы жақсы. Су, газ қалыпты. Биыл төрт көшемізге асфальт төселді. Келесі жылы аудандық деңгейдегі жолымызға асфальт төселеді. Халықтың бәрі еңбек етеді. Әр үйде мал бар", - деді Жосалы ауылы қарайтын Кемпірсай ауылдық округінің әкімі Нұралы Жәмеков.