Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қызылжарда көктайғақтың кесірінен түрлі жарақатпен 180 адам дәрігер көмегіне жүгінген

31.10.2023ж. 20:00
494
Қызылжарда көктайғақтың кесірінен түрлі жарақатпен 180 адам дәрігер көмегіне жүгінген

Қызылжарда көктайғақ. Соңғы бірнеше күннің ішінде 180 адам түрлі жарақатпен дәрігер көмегіне жүгінген. Алғашқы қар қала тұрғындарын әбігерге салуда. Көлік қозғалысы қиындады. Коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өңірден - Абзал Құрманкин.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қызылжарда қар жауып, көшелер сырғанаққа айналды. Коммуналдық қызметтер жолды тазалап, құм себу жұмыстарын жүргізуде. Алайда, көшенің бәрін қамту оңай болмай жатыр. Соңғы үш күннің ішінде мұзға тайып құлап, қол-аяғын зақымдаған 60 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Аурухана, емханалар да күшейтілген режимге көшті.

Валерий ГРИБАШЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ ЖАРАҚАТ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Сенбі күннен бастап жарақат бөліміне 180 адам түсті. Оның үшінші бөлігі көктайғақтың салдарынан зардап шекті. Көбі жеңіл жарақат алды. Бірақ екі адамды ауруханаға жатқызуға тура келді. Біреуінің тобығы, екіншісінің жамбас сүйегі сынған.

Қазір көлік дөңгелегін ауыстыру бекеттерінде де ұзын-сонар кезек. Көбі қысқы шина салып үлгермеген. Полициейдер соның салдарынан жол көлік оқиғалары көбейгенін айтады. Кешелі бері 29 жағдай тікелген.

Баян БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Зардап шеккендер жоқ. Ауа райының қолайсыз жағдайларында елді мекеннен тыс шықпай, смс хабарламаларға назар аудару қажет. Жалпы пайдалану жолдарында күнделікті 70 бірлік техника жұмыс жасайды. Олар жолдарға құм шашып, қардан тазарту жұмыстарын жүргізеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Казгидромет мамандарының хабарлауынша, қараша айында қар аралас жаңбыр көп жауады. Ал ауа температурасы әлі екі апта минус пен плюстың арасында құбылып тұрады.