Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Шикізатты ел ішінде қайта өңдеуге міндеттейтін нормалар енгізілмек

09.11.2023ж. 20:00
570
Шикізатты ел ішінде қайта өңдеуге міндеттейтін нормалар енгізілмек

Сенат Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі аудиторлық қызметке арналған заңды мақұлдады. Бұл келісім бизнестің мүмкіндіктерін, аудиторлық компаниялардың тиімділігі мен қызметтің дамуына ықпал етеді. Сонымен бірге, отандық аудиторлық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ. Тақырыпты толығырақ әріптесім, Ақбота Базарбай тарқатады.

Сенатта Президент Жолдауы аясындағы жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы аудиторлық қызмет туралы заңды қарап, мақұлдады. Заң одаққа мүше елдердің аумағында аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын қамтамасыз етуді көздейді. Заң нормалары мемлекеттердің өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға да ықпал етеді деп күтіліп отыр.

Серік ӨТЕШОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл ерекшеліктер қазақстандық аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың құқықтарына қысым жасамауға мүмкіндік береді. Келісім екі сатыда күшіне енеді. Заңды ратификациялау біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді.

Жақын арада Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі шикізатты ел ішінде қайта өңдеуге міндеттейтін нормаларды Парламент қарауына енгізбек. Бұл тұрғыда ерікті үшжақты шарт аясында алюминий, мыс және қорғасынды жеткізу бойынша 25 келісімге қол қойылған. Осының негізінде шикізатты ішкі нарықтағы өндірістерге жеткізуге жол ашады дейді ведомство басшысы.

Қанат ШАРЛАПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін жеткілікті көлемде және тиісті бағадағы шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында шикізат өндіруші мен қайта өңдеуші арасында келісімдерді міндетті түрде бекіту тетігі пысықталып жатыр. Жаңа тәсіл шикізатты елден тыс жерлерге әкетуден гөрі ел ішінде қайта өңдеудің басымдығын ескеріп отыр. Бұл мәселе заңнамалық бекітуді талап етеді.

15 ірі жобаны іске асыру бойынша алдағы уақытта түсті металлургияда ірі мыс балқыту зауытын салу жоспарланған. Министрдің айтуынша инвестиция көлемі шамамен- 600 млрд теңге. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, жаңа экономикалық бағдар еліміздің қуатты өнеркәсіптік негізін қалап, ішкі сұранысты толық қамтамасыз ететін экономика қалыптастыруды көздейді.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жолдау аясындағы 15 ірі серпінді жобаны сапалы іске асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында үлкен маңызға ие. Бұл мәселе кешенді тәсілдерді және тыңғылықты талдауды қажет етеді. Сондықтан бүгін айтылған ұсыныстардың бәрі назардан тыс қалмауы керек. Сенат алдағы уақытта да аталған маңызды жобаларды іске асыруға заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге дайын.

Ірі инвестициялық жобаларды пул құрамына қосу үшін министрлік металдарды терең өңдеу, ауыр машина жасау, автокомпоненттер мен тыңайтқыштар өндіру бойынша алдын ала 20-ға жуық жоба әзірлеген. Дайын өнімнің шамамен 80 проценті ішкі нарыққа, атап айтқанда теміржол машина жасау және оның құрамдас бөліктері үшін жеткізу жоспарланып отыр.