Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қостанайда кәмелетке толмағандар зейнеткерді балтамен өлтіріп, үйін өртеп жіберген

AstanaTV
21.11.2023ж. 14:46
689
Қостанайда кәмелетке толмағандар зейнеткерді балтамен өлтіріп, үйін өртеп жіберген

Қостанайда колледждің кәмелетке толмаған екі студенті қарақшылық шабуыл жасап, зейнеткерді өлтіріп алған.  Сондай-ақ, оларға басқа адамдардан ақша ұрлап және бопсалады деген айып тағылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2022 жылғы 18 қазанда кәмелетке толмағандар В. және А. жәбірленуші В.-ның ұялы телефонын тауып алып, интернет-банкинг қосымшасының құпиясөзін кездейсоқ таңдау арқылы 49 мың теңгесін аударып алған.

2023 жылғы 1 қаңтарда кәмелетке толмаған В. басқа адамдармен бірге Ф.-ны адастырып, оған физикалық және психологиялық қысым көрсетіп, 160 мың теңгеден аса ақшасын иемденіп алған. 

Биыл 23 ақпанда кәмелетке толмағандар В. және А., алдын ала сөз байласып, Г. есімді зейнеткерге шабуыл жасап, оны өлтіріп, кейін оның қолма-қол ақшасы мен ұялы телефондарын, оның қолындағы алтын сақиналарын ұрлап кеткен. Содан кейін қылмысты жасыру және жәбірленушінің үйін өртеп жібереді.

Прокурор кәмелетке толмаған сотталушыларға қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушылардың кінәсі дәлелденді.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің ауыр санкциясы 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Қылмыстық кодекстің 81-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру он жылдан аспайтын мерзімге, ал ауырлататын мән-жайларда не қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша 12 жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкін.

Сот сотталушылардың кәмелетке толмағанын қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды.

Сот кәмелетке толмаған сотталушыларды орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 11 жыл бас бостандықтарынан айыру түріндегі жазаны тағайындады.

Жәбірленушілердің моральдық залал мен мүліктік зиянның өтемақысын өтеу туралы азаматтық талаптарын сот ішінара қанағаттандырды, кәмелетке толмаған сотталушылардың заңды өкілдерінен 6 миллион теңгеден аса қаражат өндіріп алынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.