Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қостанай шетіндегі жеке сектордағы үйлерді су басты

29.11.2023ж. 20:00
684
Қостанай шетіндегі жеке сектордағы үйлерді су басты

Қарашада қара су қарбаласқа түсірді. Қостанайдағы жеке сектордағы үйлердің жертөлесі суға толып,тұрғындарға қиындық туғызып отыр. Олар бір ай бойы сумен арпалысуда. Ылғал тартқан баспананың қабырғасы жарылып, іргетасы үгітіле бастапты. Көктемде көлкитін су, қара күзде қайдан келіп жатыр? Тілшіміз Заңғар Санай тұрғындармен тілдесті.

Қостанай-2 шағын ауданын жиырма жылға жуық мекендейтін Лилия Лискеева бұрын-соңды қарашада қара су баспағанын айтады. Қарт ананың баспанасын ылғал тартып, қабырғалары жарылған. Жертөлені күн сайын сорғызғанымен, суға тола беретін көрінеді.

Лилия ЛИСКЕЕВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
Менің жасым сексенде. Үйімді жөндеуге жағдайым да, күшім де жоқ. Мүмкін біреулер жәрдем көрсетіп қалар. Комиссия құру керек шығар.Не істерімді білмеймін? Бірақ бұл мәселені шұғыл шешу керек.
Бұл маңайдағы қырыққа жуық баспанаға су кірген.Тұрғындардың айтуынша, жазда төселген тас жолдың жиегінде суағар жүйесі жоқ. Сондықтан жаңбыр жауса болды, жертөле суға толып, едені шылқып кетеді дейді.

Ләззат ТӨЛЕУБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Асфальтті салып,суағар жүйесін қоймаған. Енді соны жағалаған су үйдің ішіне кетіп жатыр. Барлығы су. Жаңбыр өткенде міне. Октябрь, ноябрь айларында өмірі бізде су болмаған. Мен 17 жыл осында тұрамын.Өмірде былай бізді су баспаған.
Қазір шағын ауданда штаб құрылған.Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Жедел штаб жұмыс істейді.

Ерлан КЕНЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
4 күн су болған жоқ. Бүгін міне тағы су келе бастады. Тұрғындардан өтінім түсе сала, сорғызу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 3 сараптама жасалды. Құбырдың суы емес. Жерасты суы екенін көрсетіп отыр.
Қара күзде қалың жұртты әбігерге салған қара су көктемде де қауіп төндірері қақ. Жұртшылық жол жиегіне суағар өткізбей, бұл проблемадан құтылмаймыз деп отыр. Ал әкімдік өкілдері әлгі жұмыстар келесі жылдың жоспарына енгізілгенін айтты.