Астанада «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV сьезі өтті


Астанада «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV сьезі өтті
18 қазан, 20:00

Әлемнің ең қуатты отыз елінің қатарына кіру «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуы тиіс. Астанада өткен партияның кезектен тыс он бесінші сьезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Көптен бері талқыланған партия доктринасында экономикалық әлеуетті арттырудан бөлек, қоғамның рухани байлығына басымдық берілген. Бұл жиын шынымен де бұрынғыдан өзгерек форматта өтті. Ал, жетекші партияға айтуға ыңғайлы жаңаша атау берілді.        
 

Мөлдір Бақытқызы, тілші:
 

Еліміздегі жетекші партияның атауына өзгеріс енгізілді. Жоғарғы саяси кеңес құрамы 49 пайызға жаңарды. Бастысы, кезектен тыс сьезде елдің болашақ саяси бағыт-бағдарын айқындайтын партия тұғырнамасы қабылданды. Алдымен экономика қағидасын мықтап ұстанған билік, енді рухани құндылықтарға бет бұрмақ.  
 

«Тәуелсіздік сарайына» ерте келген нұротандықтар естелік суретке түсіп мәре-сәре. Атақты спортшы Илья Ильин саясатқа терең бойламайды. Ең бастысы, отансүйгіштігін ісімен дәлелдеген.    
 

Илья Ильин, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы:
 

Стараюсь понять, что такое политика. На самом деле пока толком не понял. Мне нравится, что я член этой партии.
 

Ал саяси бомонд жиынға санаулы минут қалғанда төбе көрсетті. Президенттің жанына үкімет басшысынан бастап, күні кеше сайланған Сенат төрағасы да жайғасты. Бұрынғыша үздіксіз ұрандар естілмейді, партия жалауы мен үнпарақтар да байқалмады. Алқа-қотан отырыс басталып кетті. Сьезде сапалы қоғам қалыптастыру тақырыбы кеңінен сөз болды. Мұның барлығы партияның жаңа доктринасын жазуда басшылыққа алынған. Бұл құжат тәуелсіздікті жете түсініп, тәртіпке бағынатын, еңбексүйгіш қоғамды қалыптастырудың тың моделі болмақ. 

 
Саясат Нұрбек, «Нұр Отан» партиясы қоғамдық саясат институтының директоры:  

Экономика, одан кейін саясат, одан кейін қоғам деген сондай ұстаным болды ғой. Тұңғыш рет осы позиция өзгеріп жатыр. Алдыңғы қатарға біз мәдениетімізді, руханиятымызды, ұлттық құндылықтарымызды қойып отырмыз. 

Демек, адам басты капиталға айналады. Жастарға қарата айтқан сөзінде Президент еңбекқорлық пен ыждағаттықтың нәтижесін әлем елдерінің басындағы жағдаймен түсіндірді.  
 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

Күніне 10 сағат жұмыс істейтін оңтүстік кәрістер бүгін дүниенің ең алдына шығып отыр. Барлық жерде күнде демалыс деген гректер анандай жағдайға келіп отыр. Барлығы еңбекпен келеді. Бақыт басыңа еңбекпен келеді. Өз еңбегіңмен тапқан бір түйір наның тәтті болады. Бекер келген байлық - бекер кетеді. 
 

Елбасы тіл мәселесіне осы жолы да тоқталып өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:  

Қазақша сөйлейтін халқы 70 пайыздан асқан өңірдің барлығы қазақ тіліне көшуі керек. Мемлекеттік істі жүргізу мәселелерінде. 
 

«Нұр Отан» халықтық партия. Жуырда ғаламторда партияның қабылдау бөлімі ашылды. Демек, кез-келген адам мұң-мұқтажын үйде отырып жеткізе алады. Сьезде «Нұр Отанның» ресми атауы да ауысты.  

Бауыржан Байбек, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары: 

Среди народа нас называют партия «Нур Отан», предлагаем исключить народно–демократическая и переименовать в «Нур Отан» и ставим на голосование изменение герба, он предлагается таким, как герб съезда.  


Сондай-ақ, жаңа эмблема мақұлданды. Ол ХV съездің логотипі негізінде әзірленді. «Күннің шығуы біздің жетістіктеріміз бен жарқын жеңістеріміздің көрінісі болса, таудың шыңы жоғары мақсаттар мен халықтың ұмтылысы, барыс күш пен мәрттікті, партияның жазуы Елбасының мемлекеттің дамуына қосқан тарихи үлесін көрсетеді. Ал «Нұр Отан» партиясы басымды күш ретінде сол дамудың негізі болуы шарт», - дедi Бауыржан Байбек.    

Бекболат Тілеухан, "Нұр Отан" партиясының мүшесі, қоғам қайраткері: 

Үлкен кісі сөйлеген сөзінде тура бүгінгі күннің, бүгінгі кезеңнің ең толғақты мәселелерін дәл басып, тауып айтқан сияқты. Және жүректен шыққан сөздерінің бұқараның көңілінен шығатынына күмәнім жоқ. Жалпы, бір асудан бір асуға өткен сайын заманына қарай күрделеніп жатқан қордалы мәселелерді шешу жолдарын айқын көрсеткен сияқты. Тек қана осыны іске асыруымыз керек.      

Бүгінгі съезге 1200 делегат қатысты. Соңғы нүктені сөз соңында Президенттің өзі қойды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:  
 

Партиямыз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын. Мәңгілік елді бірге жасайық. «Нұр Отан» алға, Қазақстан алға!  
 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ




Қазiр көрiңiздер
00:50
Ән шашу
каз



СОНЫМЕН ҚАТАР


2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды
 
 
Ақмола облысындағы Талапкер елді мекенінде тұрғындар көктем сайын топан судан көз ашпайды
 
 
Петропавлда Есіл өзені ернеуінен асып, Заречный кентіне су келді