Азаматтардың зейнетақы жинағы құнсызданбайды

Азаматтардың зейнетақы жинағы құнсызданбайды
19 ақпан, 20:00

Азаматтардың зейнетақы жинағы құнсызданбайды. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының төрағасы Руслан Ерденаев бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Сондықтан басқарма төрағасы салымшылардың алаңдауына еш негіз жоқ деді. Зейнетақы жинақтары елдің ішкі нарығында пайдаланылады. Ал жинақталған сомманы инфляция өлшейді.

Руслан Ерденаев, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы:

Әрбір адам ай сайын зейнетақы қорына 10 пайыздық салым аударады. Адам зейнетке шыққасын, оның жинаған соммасы инфляция деңгейінде көтеріледі. Көп жағдайда салымшылар арасында бөлінетін жылдық инвестициялық табыс деңгейі инфляциядан жоғары болады. Сондықтан  зейнетақы  жинағы құнсызданбайды.

Сондай-ақ жиында Басқарма төрағасы Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұжымы алдағы уақытта кеңселерін азайтып, ұсынылатын қызмет түрін шетелдегідей онлайн режимінде жүргізілетінін айтты. Бүгінде қазақстандықтардың зейнетақылық салымы 6 трлн теңгені құрады. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша,  міндетті зейнетақылық салымнан түскен қаржы көлемі 657 милиард теңгеге жетті. Ал биыл экономиканы сауықтыруға қордан жұмсалатын 1 трлн 450 миллиард теңгені бөлудің жолдарын Үкімет мен Ұлттық банк қарап жатқан көрінеді.

Руслан Ерденаев, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы:

Бұл қадам, ең бастысы, біздің зейнетақы жиынтығын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Яғни болашақтағы тұрақты инвестициялық кірісті қамтамасыз етеді.  600 миллиард теңге елдегі екінші деңгейлі банктер мен «Самұрық», «Бәйтерек» және «КазАгро» сынды ұлттық компаниялар мен жекеменшік компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алуға бағытталады. 

Айгүл ЕРМАХАН