Астанада ірі жол-көлік апаты салдарынан төрт оқушы зардап шекті

Астанада ірі жол-көлік апаты салдарынан төрт оқушы зардап шекті
08 қыркүйек, 20:00

Астанада ірі жол- көлік апаты орын алып, салдарынан төрт бірдей оқушы зардап шекті. ІІД мәліметі бойынша,  Lexus маркалы көлігі Асан Қайғы көшесінің бойымен Иманов көшесіне қарай бағыт алып, қиылыста басқа көлікке жол бермеген. Нәтижесінде Mercedes көлігімен соқтығысады. Рулге ие бола алмаған Lexus-тың 36 жастағы жүргізушісі жол жиегінде тұрған кәмелетке толмаған балалар мен тұрақтағы "Лада" көлігіне соққан. Мұнымен жол-көлік оқиғасы аяқталмапты. Lexus аударылған бойы екпінмен барып тағы бір көліктің үстіне аударылған. 

Көпшіліктің наразылығын тудырған жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде жарияланды. Арман Әлібек атты желі қолданушы өз жазбасында, жол талғамайтын көліктің жылдамдықты шамадан тыс асырғаны осындай қайғылы жағдайға әкеліп соқты, деген. Зардап шеккен 4 баланың үшеуі ауруханаға түскен.

Софья Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Факт бойынша барлық тиісті сараптамалар тағайындалған. Сонымен қатар ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы бойынша, яғни жүргізуші жол жүру ережесін өрескел бұзып, адам денсаулығына ауыр деңгейде залал келтіргені бабы бойынша, сотқа дейінгі тергеу басталып кетті.  

Бұл оқиғаға себепкер болған көлік иесіне 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - дейді ІІД мамандары. Келеңсіз оқиғаға еріксіз тап болған оқушылардың жағдайы бойынша да ақпарат белгілі болды.

Амур Жанпейісов, №2 балалар ауруханасының хирургі:

Тоғыз жастағы баланың жағдайы қанағаттанарлық, ішкі органдары зақымданбапты, үйіне қайтардық. Екі бала бас миының шайқалуы диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Төртінші баланың жағдайы ауыр. Көкбауыры езілген және сол жақ бүйрегіне зақым келіп, ішіне қан кеткен. Ота аяқталды - сол жақ бүйрегі мен көкбауырын алып тастадық.