Декларациялау шарасын ұйымдастыруға министрлік дайын емес. Жоғары атқарушы билікке экономист не дейді?

Декларациялау шарасын ұйымдастыруға министрлік дайын емес. Жоғары атқарушы билікке экономист не дейді?
29 қазан, 20:00

Жалпыға ортақ декларациялау шарасы алдағы 2017 жылы басталуы керек еді. Жеке тұлғалардың кірісі мен мүлкін декларациялау сөйтіп 2020 жылға қалдырылды. Ұлттық экономика министрінің түсіндіремесі – мемлекеттік органдардағы мәліметтер ескірген және интернет барлық жерде жоқ. Осы тұста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ремарка жасады: 

 Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

Кейбіреулер депутаттар қарсы болды дей береді. Депутаттар онсыз да өмірінің басым бөлігін жалпыға ортақ декларациялау үрдісімен өткізеді. Сондықтан ештеңеден қауіптенбейміз. Қаржы министрлігі бұл тапсырмаға тыңғылықты дайындалған жоқ, сөйтіп оны сәтсіздікке ұшыратты. Енді 2020 жылға көшіріп жатыр. Ал Парламенттен шыққан соң, депутаттар қарсы болды дейді. Ерік-жігерді жинап, батылдық танытыңыздар. Бұл қаржы министрлігіне қатысты. Ведомство жетекшісіне де бұл туралы айтқанбыз. Наберитесь смелости, мужества. Это касается Минфина. Министру об этом тоже здесь говорили. 

Бірақ бұл отырыста Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың өзі болған жоқ. «Бұқпантайламай, ер азамат сияқты ашығын айтыңыздар!» дегенді Сұлтанов баспасөзден оқып білген шығар. Аа, қол астындағылар жеткізеді екен ғой...

«Мойындау» демекші, соңғы уақытта жоғары атқарушы биліктің тәуелсіз сарапшылармен сұхбаттасуға ынтығысы байқалады. Бірінші себебі интернет-порталдарда олардың комментарийлері, тұжырымдары, сараптамалары көп жарияланады. Тұщымды пікір ретінде қабылданатыны қаншама. Жаңа ғана бір топ экономистің мәлімдемесін келтірдік. Яғни қоғамдық үнге де айналып жатады. Яғни мойындамау мүмкін емес.

Қайырбек Арыстанбеков, Экономикалық саясат институтының директоры:

-Өзім мемлекеттік қызметте 10 жыл істедім. Әсіресе экономикалық министріктер өзінің тікелей функциясынан гөрі жоғарыдан берілген тапсырмаларды орындаумен 80 пайыз уақыты кетіп қалады. Жоғары инстанциялардан жылына мыңдаған тапсырма болады. Тікелей министрлік атқаратын жұмыстарды орындауға уақыты аз қалады. Немесе проф.деңгей жетпей жатады, білімі.

-Әлемдік экономикада біз білмейтін қандай жаңалықтар бар?

- Менің ойымша, алпауыт елдер арасында, ОПЕК-ке мүше елдер арасында қандай да бір келісім бар сияқты. Ол жария емес. Жасырын келісім. Мысалы, 1983 жылы Сауд Арабиясының мұнай министрі АҚШ-пен келісе отырып, мұнай өндіруді 3 есеге ұлғайтқан. Бес жыл бойы ұлғайтқанда, мұнай бағасы 6 есеге түсіп кетті. Мұның салдарынан кеңес одағының төлем балансы жыл сайын 20 млрд доллар дефицит беріп отырған. Осындай үдеріс 5 жыл сақталғанда кеңес өкіметі құлады. Біздің экспорттық құрылымымыз кеңес өкіметінің экспорттық құрылымымен ұқсайды.Сондықтан мұнай бағасының құлауына ерекше ден қою керек. Мұнай бағасының қазіргі болжамы белгісіз болып тұр. Кейбір мамандар айтады, 5 жылға созылады дейді. Кейбір мамандар 7 жыл дейді. Енді біре мамандар мұнай бағасының жоғары болу үдерісі осымен аяқталды дейді.

- Иә, Г.Греф те солай дейді – циклді түрде енді мұнай бағасы көтерілмейді,- дейді. Оның көп пікірі бар – мұнай бағасына, мұнай дәуірінің аяқталуына байланысты. Қалай ойлайсыз, ол пессимист пе, жоқ әлде реалист пе?

- Балама энергия көздерінің пайда болуына байланысты, Батыс пен Ресей арасындағы санкцияларды зерделей отырып, Герман Грефтің пікірі негізді деп ойлаймын. Демек реалист.

- Біздің зерттеуіміз бойынша, мемлекеттің шығындары – бюджет шығысы – ішкі жалпы өнімге шаққанда 24-25 пайыз. Бұған квазимемлекеттік сектор шығындарын қосыңыз. Жинап айтқанда 30-35 пайыз... Бізде мемлекеттік капитализм, мемлекеттік интервенционизм қалыптасқан. Осыған орай, экономиканың құлдырауы тек ғана мұнай бағасының төмендеуінен емес, сонымен қатар, мемлекеттік көлемнің ұлғаюына тікелей байланысты.

- Қолдануға берілмей жатып, жарамсыз болып қалған объектілер бар. Өткен бағдарламада біз Астана мен Теміртау арасындағы жолды мысалға келтірдік. 7 пайызы ғана салынған... Осылар экономиканың мәселесі ме, саясаттың ба?

- Саясат деген экономиканың жинақталған бір белгісі дейді. Бұл екі жаққа да қатысты мәселе сияқты. Қаржылық-өнеркәсіптік топтар бар, трансұлттық ірі корпорациялар жұмыс істейді. Менің ойымша, осыларға тиісті мемлекеттік органдар тарапынан құқықтық бақылау деңгейі төмендеп кеткен тәрізді. Жалпы экономиканың бухгалтерлік есепшотында заңсыз, ұрлап, немесе басқа да қылмыс жолымен шетелге кеткен ақшаны көрсететін индикатор бар. Сол индикатор бойынша былтыр бізден 8 млрд доллар сыртқа әкетілген... Құзырлы органдар осы бойынша жұмыс істеуі керек.