«Арселор Миттал Теміртау» шахтасында қайтыс болған кеншілердің саны 4-ке жетті

«Арселор Миттал Теміртау» шахтасында қайтыс болған кеншілердің саны 4-ке жетті
11 қараша, 20:00

«Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорнына қарасты шахталардың біріндегі апатта қаза тапқандар саны 4 адамға жетті. Ауруханада жатқан кеншілердің бірі жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Бірнеше адамның өліміне әкеп соқтырған төтенше жағдайға қатысты іс қозғалды. Ал, компания басшылығы қайтыс болғандар мен жапа шеккендердің отбасыларына келісімшарт бойынша өтемақы төленеді деп мәлімдеді.

Айжан Қуаш, тілші:

Саран шахтасындағы апат салдарынан қайтыс болған 4 ші кенші басынан ашық жарақат алыпты. Облыстық травматология орталығының дәрігерлері күрделі ота жасағанмен, соққының ауырлығынан оны құтқару мүмкін болмаған. Өзге кеншілердің жағдайы қалыпты, дейді ақ халаттылар.

Илья Вайнштейн, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ директорының медицина бойынша орынбасары:

Бұл науқастардың жағдайы тұрақты. Тиісті ем алуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.

Айжан Қуаш, тілші:

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы басшылығының мәліметінше, жапа шеккендердің барлығының отбасы, бала-шағасы бар. Ал, марқұм болған ең жас кеншінің жасы 20-да екен. Оның да артында 2 перзенті қалған. Біреуі әлі жасына да толмапты. 

Илья Вайнштейн, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ директорының медицина бойынша орынбасары:

Компания барлық шығынды өз мойнына алады. Бұл жарақат алғандар мен олардың туыстарын қамқорлыққа алуға да қатысты. Қайтыс болған адамдардың жақындарына ұжымдық келісімшарт бойынша өтемақы төленеді. 

Кеше «АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі «Саран» шахтасындағы апатта үш адам қаза тауып, бес кенші зардап шеккен еді. Апаттың себебі әлі анықталған жоқ. Алдын-ала болжам бойынша, 12 кенші жұмыстарын аяқтап, шахтадан шығып келе жатқанда жұмысшыларды таситын аспалы арбаның арқаны үзіліп кеткен. Төтенше жағдайдың себеп-салдарын арнайы құрылған үкіметтік комиссия тексеріп жатыр. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, оны прокурорлар бақылауға алды.

Арман Көшекбаев, Қарағанды облыстық прокуратурасы бірінші басқармасының аға прокуроры:

Жұмысшыларды жер үстіне көтеру барысында қайғылы оқиға орын алып, аталған оқиға Саран қаласының ішкі істер бөлімінің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-інің 156 бабының,4 тармағымен тіркеліп Қарағанды облысының ішкі істер Департаментінің тергеушілерінен құралған сотқа дейінгі тергеу тобымен тергелуде.

Төлеген Игембаев, Қарағанды облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастығы:

Үкіметтік комиссия құрамына 16 маман кіреді. Олар аспалы арбаның не себепті құлағанын, оның техникалық жағдайын, дұрыс қолданылды ма,жоқ па, соны тексереді. Комиссия құрамындағы өндірістік қауіпсіздік жөніндегі инспекторлар бүгін жұмысқа кірісіп кетті.

Үкіметтік комиссия Саран шахтасындағы апаттың себебін 10 күн ішінде тексеріп, қорытындысын жариялайды деп жоспарланып отыр. Ал,шахтадағы өндіріс тоқтаған жоқ. Мамандардың айтуынша, болған жағдай көмір қазуға еш кедергі жасамайды.

Айжан ҚУАШ