Өскеменде Ертіс үстінен салынған көпірдің бір бөлігі құлап түсті

Өскеменде Ертіс үстінен салынған көпірдің бір бөлігі құлап түсті
24 қараша, 20:00

Өскеменде Ертіс үстінен өтетін үлкен көпірдің бір бөлігі құлап түсті. Оқыс оқиға бүгін таңертең болған. Бұл кезде көпірде монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан. Көпір аумағына төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері мен құтқарушылар жедел келіп жетті. Сондай-ақ шахар әкімі де келді. Көпірдің құлаған қапталының үстіңгі жағында қалып қойған екі жұмысшы арнайы құрылғының көмегімен қауіпсіз жерге шығарылды. Тағы төрт адам төменге қарай құлап кеткені белгілі болды. Олардың бірі ауруханаға жеткізілді. Апат кезінде жұмысшы аяғын қайырып алған екен.

Асқар Жақсылықов, Өскемен қалалық ТҮКШ бөлімі басшысы:

Көпірдегі тіреулердің бірінің ортаңғы бөлігі апатты жағдайда екені анықталды. Жөндеу-монтаждау жұмыстары уақытылы, кестеге сай жүріп жатқан. Бұл жағдай салынғанына жарты ғасыр болған көпірлердің шын мәнінде тозығы жеткен нысан екенін растайды.

Монтаждау жұмыстары кезінде салмаққа шыдас бермей көпірдің қапталы құлауы мүмкін деген жорамал айтылуда. Ертіс үстінен өтетін бұл көпір 1970 жылы салынған. Екі жылдан бері мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Абырой болғанда, апат орын алған тұста көпір үстінде көліктер болмаған. Қазір бұл факт бойынша прокурорлық тексеру басталды.

Жандос Коңыров, ШҚО прокуратурасы бірінші басқармасының прокуроры:

Оқиғаның мән-жайын, себеп-салдарын, кінәлі тұлғаларды анықтау мақсатында облыс прокуратурасымен қазір тексеру шаралары жасалып, оған құзіретті орган өкілдері қатысады. Оқиға ескі көпірде болды, көпір пайданалмайды, екі бағытта да қозғалыс тоқтаған жоқ.