Қарашығанақ, Қашаған, бензин тапшылығын жою. Министрмен сұхбат

Қарашығанақ, Қашаған, бензин тапшылығын жою. Министрмен сұхбат
24 желтоқсан, 20:00

Қазақстан Қарашығанақ дауы бойынша арбитражға берген арызын қайтып алуға дайын. Егер кенішті игеріп отырған шетелдік инвесторлар мәмілеге келсе. Біздің арнаға эксклюзивті сұхбат берген энергетика министрі Қанат Бозымбаев инвесторлар үлестерін есептеген кезде қолданған әдіс әділетсіз деп санайды. Министр бұл жерде миллиардтаған доллардың бөліске түсіп жатқанына тоқталды. Дегенмен нақты қанша екенін айтпады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Біздің ойымызша, белгілі бір уақыт аралығында республикамыз үлесін толық алған жоқ. Мердігерлердің Республика мен өздерінің үлесін есептеу әдістемесі әділ дей алмаймыз, өйткені ол өнімді бөлу туралы келісімге кереғар. Яғни біз объективтілік индексін әр түрлі түсінеміз. Мен бір нәрсенің шетін ашып айтайын, әңгіме миллиардтаған долларлар туралы. Сондықтан біреулерге ұнасын, ұнамасын, біз өз позициямызда нық тұрамыз, өйткені бұл халықтың ақшасы, халықтың қойнауы.

Инвеcторлар ымыраға келуге тырысуы керек.Қарашығанақта отырған мұнай-газ өндіруші алпауыттар жақында қазақ үкіметіне өздерінің ұсыныстарын жіберіпті де. Қазір талқыланып жатыр.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Белгілі бір сатыда біз арбитражды тоқтата аламыз. Егер олардың ұсынысы Республиканың көңіліне жақса. Біз қорықпаймыз. Олар да алтын жұмыртқа әкеліп отырған тауықты сойып тастағылары келмес. Бұл кен орнында өнімнің көптеп өңделуіне біздің де қызығушылығымыз бар. Әрине біз Ресеймен де әріптеспіз, оны да қолдаймыз. Бірақ біз елдің ішінде өзіміздің өнімді шығарумен айналысуымыз керек. Бұған дейін ешкімге айтпаған дүниелерді айтып отырмын дей аламын.

Қарашығанақты басқаратын консорциумның мүшесі ресейлік «Лукойл» компаниясы еліміздің консорциумнан 1,5 млрд доллар талап етіп отырғанын хабарлаған еді.  Енді Энергетика министрінің біздің тілшіміз Айгүл Әдепбайға берген сұхбаты, толығырақ:

Айгүл Әдепбай, тілші:

-Қанат Алдабергенұлы уақыт тауып Астана телеарнасына сұхбат беруге келіскеніңізге көп рахмет. Сіз бұған дейін мұнайды қысқартатын кен орындарын белгілеп жатырмыз дедіңіз. Қазір белгілі ме? Яғни тұрақты келісім шартпен отырған KPO, ТШО, NCOC болсын  – олардан қысқарту көзделмеген ғой. Мысалы, CNPС-ден талап ете аламыз ба қысқартуды?

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

-Ең біріншіден, бұл қайдан шыққан әңгіме деу керек. ОПЕК елдері мұнай өндірісін тәулігіне шамамен 1,2 млн баррелге қысқаратынын айтып, міндеттеме алды. Сондықтан олар сұрады- ОПЕК-ке кірмейтін мемлекеттер, өздеріңіз тарапынан қандай көмек көрсете аласыз,- деп. Бізге шыққан ресейлік әріптестеріміз, Араб әмірліктерінен әріптестеріміз, Венесуэладан, Сауд Арабиясынан, Әзірбайжаннан басқа да мемлекеттерден телефон арқылы, басқа да байланыс арқылы шығып, хат жазып, осындай сұрағымыз бар еді, үлестеріңізді қоса аласыз ба,- деп сұрады. Біздің ең үлкен мақсатмыз – мұнайдың бағасын тұрақтандыру, одан кейін көтеру. Қазіргі таңда өзіңіз көріп отырсыз, мұнайдың бағасы 55-57 доллардың шамасында. Нарықта баланс жасау керек. Баланс болса, беделді сарапшылардың пікірлері бойынша, мұнайдың бағасы 60-тан асады, жаңа жылдан кейін. Егер бірінші жарты жылдықта, келесі жылда 60 доллардан асса, онда екінші жарты жылдықта 70-ке шамамен келуі мүмкін, дейді.

-Сонда ОПЕК-ке мүше емес 11 елдің ішінде Қазақстан да бар, сонда Қазақстан 20 мың баррельге қысқартамыз деді, бұл сан қайдан шықты, біз өзіміз ұсындық па, әлде ОПЕК елдері ұсынды ма?

-Жоқ, ОПЕК елдері 50 мың сұраған қысқартуға, Қазақстаннан. Біз өзіміз санап көрдік, 20 мен 30 мың баррель арасында қысқартуға болады деп, талдау жасап, сондай сандар шыққан. Сондықтан олар 50 мың сұраған, әсіресе Сауд Арабиясы королі сұраған, бірақ біз айттық, осындай сандарымыз бар, символика ретінде біз осы мәселені қабылдап жатырмыз деп. Біздің саламызға ол былай айтқанда түк емес.

-Сонда мысалы, өнім қысқарған кезде, сол өнімді шығаратын жұмысшылар ше? Олар да қысқара ма?

-Ешқандай проблема болмайды. Кен орындарында өз-өзімен қысқаратын, табиғи түрде қысқаратын мұнайды есептесек, осындай, дәл осындай нәтижеге шығамыз.

-Сонда біз жыл соңына дейін бұрын айтылған 76-77 млн тоннаға шыға аламыз, иә? –Биыл? –Биыл мәселе басқа. Биыл біз 77 млннан асып кетеміз деп отырмыз.

-Жақсы, біз бұған дейін бір сұхбат алып едік, Рашид Жақсылық деген кісі, Қазақстан мұнай сервис одағының төралқа төрағасы, сол кісі айтты Қашағанға қатысты. «Қашағанның мұнайынан Қазақстанға табыс түскенше бір 30-38 жыл керек» деді. Өйткені оған ақшасын салған инвесторлар өз үлесін 90 пайызға дейін қайтарып алмайынша Қазақстанға пайда болмайды»,- деген пікір айтты.

-Ол дұрыс емес. Жалпы егер біз тек қана салықты есептесек, жалпы контрактный период дейміз ғой, 41-ші жылға дейін, егер мұнай бағасы 50 доллар болып қалса, баррельге, Қазақстанға 25 млрд доллардай түсуі мүмкін. Егер мұнай бағасы 75 доллар болса, онда 74-76 млрд доллар түсуі мүмкін. Сондықтан, қазір сарапшылар көп болды ғой, әсіресе мұнайда бәрін біледі, футбол сияқты. Футболды да бәрі біледі, таниды, өздерін маман деп есептейді. Сол сияқты мұнайды да көп адам «мен мықты мұнайшымын» дейтіні белгілі.

-Енді мұнайдан ақырындап бензинге ойыссақ, бізде қашан сапалы бензин шыға бастайды. Қазір көп халық алаңдаулы, жаңа жылдан бастап бензин бағасы көтеріліп кетеді, дегенге.

-Шығаратын бензин мен дизель отыны және авиакеросин олар әрине, ЕВРО 2 болып отыр, қазір. Бізде мақсат бар, 2018 жылдан бастап ЕВРО 4, ЕВРО 5-ке көшеміз деген. Зауыттар біздің ішкі нарықты бензинмен, толығымен дизель отынымен қамтамасыз етеді. Және бензин 1,5-2 млн артығымен қалады. Біз экспорттаймыз оны. Қазірдің өзінде біз бензинді импорттап жатырмыз. 30 пайыз бізде тапшылық. Біз Ресейден алып келеміз. Мысалы, әр 2-3 айда мен әріптесіме хабарласамын, хат жазамын тағы жібер, қай зауыттан жібересің, ана компанияға бер, осындай жұмысты жалғастырып жатырмыз. Бірақ 2018 жылы сол мәселеге нүкте қою керек. Өйткені біз егемендік алған мемлекетпіз және мұнай нарығымыз да ішкі егемендік алу керек. Сұраныс жоғары болса, бағалар өседі, сұраныс төмен болса, бағалар да төмендейді. Бірақ қазіргі таңда ешқандай тенденция бағаны көтеруге нарықта жоқ.

-Қанат Алдабергенұлы сізге сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз.