«Жарқын болашаққа жол төсеп жатқандар» ...парақор болып шықты.

«Жарқын болашаққа жол төсеп жатқандар» ...парақор болып шықты.
24 желтоқсан, 20:00

«Жарқын болашаққа жол төсеп жатқандар» ...парақор болып шықты. Осы аптада Республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын Есеп комитетінің аудиторлары мен «Қазақавтожол» респбликалық мекемесінің бастықтары ұсталды. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы таратқан хабарлама бойынша мемлекеттік аудиторлар Қопобаева мен Жәнгірбаева «Қазақавтожол» республикалық қазыналық кәсіпорнының бас директоры Мұқашев пен оның орынбасары Шәмішевтен 16 млн теңге пара алған. Аудиторлық есепте бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалғанын көрсетпеулері үшін. Бұл параны мекеменің барлық облыстағы филиалдарының жетекшілері бірігіп жинаған. «Салық» салынған ғой, қарапайым айтқанда.

Атамұрат Шәменов, экономист:

Экономиканың өсуі шетелдік тікелей инвестицияларға да байланысты. Қарап отырсақ, 2011 жылдан бастап инвестициялар көлемі азайған. Оның себебі кризис, әсіресе шикізатты мемлекеттерде қиын. Ал сонымен бірге шетелдік инвестицияның келуіне тоқтау салатын нәрсе, коррупция. Әсіресе шенеуніктердің арасында.  

Бұл жемқорлық фактісі бойынша «көзің бақырайып», таңғалмайсың да – жемқорлық айнымас тақырып болды ғой...Екінші жағынан, параны мекеменің барлық облыстағы филиалдарының басшылары жинағаны, яғни параның салық сияқты жиналғаны бірінші рет ашық айтылып тұр ғой деймін. Осы деталь жемқорлықтың «заңы», схемасы, ережелері бар система екеніне айғақ. Мұндай жүйені талқандау мүмкін бе?