«Өнерде жүргенімізге дегенше, дөнер жеп жүргенімізге бес жыл болды десе»...

«Өнерде жүргенімізге дегенше, дөнер жеп жүргенімізге бес жыл болды десе»...
24 желтоқсан, 20:00

"Өнерде жүргенімізге бес жыл болды" дейді. Танысақ ит боп кетейік. Өнерде жүргенімізге дегенше, дөнер жеп жүргенімізге бес жыл болды десе жарасымды.

«Дөп сөз» айдарының кейіпкері Бейбіт Сарыбай.

Әлеуметтік желідегі белсенділер мен кітап сүйер қауым үшін қуанышты хабар. Фейсбуктағы аса танымал кісінің жазбалары «Мен романтик емеспін» деген атпен кітап болып шыққанын сүйіншілеп жеткіземін. Бейбіт Сарыбай. Көпшілік біледі. Сіз де танып аласыз, фейсбуктағы парақшасын бір шолып шықсаңыз. Бүгін біз Бейбіттің қысқа жазбаларын алдық, кейбірін қысқарттық. Эфирдің форматына сай етіп.

Қазақ эстрадасының бүгінгі бет-бейнесі – үш-төрт бала, екі-үш қыз. «Ел таныса, хит әніміз болса, тойға шықсақ, көлік алып, үй салсақ, жұрт анау «Үркер» деген әнді айтатын «Жеті қарақшы» деген топтағы Шолпан ғой десе». Сосын сұхбат бер. Әрине өнер нағашы атасы жағынан келген. Өз аталары да құр алақан емес... Бір топқа ат қоюға шақырды. Айта қояйын десең құс, аң, жер-су аттары, ғарыш әлемі, өткен-кеткен тарихымыздың бәрі бар. «Өнерде жүргенімізге бес жыл болды» дейді. Танысақ ит боп кетейік. Өнерде жүргенімізге дегенше, дөнер жеп жүргенімізге бес жыл болды десе  жарасымды.

Саламат Омаш: Бейбіттің жазбаларын түсіну үшін сондай қатты білімнің керегі жоқ. Жеңіл, ұғынықты, оқырманды кемінде мырс еткізеді. Көбінесе ішек-сілеңді қатырады, қысқасы Бейбіттің жазбаларында сатира жанрының бірнеше түрі кездеседі.

Досымжан Таңатаров, Тоқтар Серіков, Құрмаш Махандар бастаған топ – «Соверен». Кезінде жұрттар сүйіп шеккен. Қазір сирек шегіледі.
Мейрамбек Беспаев – «Парламент». Бұрын да авторитет еді, қазір де бағасын сақтап тұр. Бычогы да қадірлі.
Қайрат Нұртас – «Эссе» синий. Қыздар қырылып шегеді. Әр қыздың езуінде. Көп өтеді.
Қайрат Түнтеков – «Эссе» зеленый. С ментолом. Шеккен құрлы болмайсың.
Бауыржан Исаев – «Магна». Бар, бірақ шеккен адамды көрмейсің.
Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов – «Қазақстан». Менің папам бастаған топтың ең сүйіктісі. Олар үшін бұдан басқа темекі жоқ.
Құдайберген Бекіш – «Прима». Алыс ауылдағы трактористер әлі де шегуі мүмкін.
«АБК» – «Шыңғыс хан». Бұрын жұрттар жабыла шегіп еді. Жоғалып кетті...

Саламат Омаш:
«Мен романтик емеспін» бұрын-соңды жарық көрген кітаптардан бөлек. Бұны қоғамның жаңа сұранысы десек болады. Тұсаукесер өтті. Жазушылар одағында оқырманға ұсынылды.

Бейбіт Сарыбай: Сол жерде жазылған дүниенің барлығын мен бұл кітапқа жинастырдым деп айта алмаймын. Өйтетін болсақ олар бұл кітапқа симайды да. Мен бұл жерге сол жерде жазылғандардың ең таңдаулыларын, әдебиетке жақындарын, сатираға жақындарын, кәдімгідей бүгін бар, ертең жоқ емес. Біраз уақытқа дейін өзіндік құнын жоғалтпайтын дүниелерді жинадым деп айтуға болады.

Бала болғаннан кейін жыламай тұра ма? Үшеуінің жылағанын үш әншінің ән айтқанына ұқсатамын. Мысалы, Еркежан Медеу Арынбаев сияқты. Өте кәсіби жылайды. Даусы зор. Жоғары ноталарды ұстайды. Фальш жоқ. «Мамааааа!» дегенде біраз жерге дейін көтеріп тастайды. Бірақ әсерсіз. Тыңдап жатқан адам жоқ.Айбаршын Мейрамбек сияқты. Еркежандікіндей зор даусы жоқ. Бірақ жыласа адамның жүрегін ауыртып жібереді. Сезіммен жылайды. Қараптан-қарап жүрегің ауырады. Дархан дегеніңіз тап-таза Төреғали. Әр жылағаны хит. Тағы не деп жылағалы жатыр екен деп аузын бағумен жүреміз. Ал, әйелім Бану – Майра Ілиясова. Әндері бір сарынды. «Қайдасың?», «Қашан келесің?», «Қайтсаңшы енді» деген сияқты. Мен Бақтияр Тайлақбаевпын. Атым бар, бірақ шығармашылық мүлде жоқ. Тап-таза тоқырау.

Саламат Омаш: Кітап көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан. Мыңдаған адамның көңілінен шыққан жазбалар миллиондарға жол тартты. Кітап қолға әлі тимеді. Бірақ біз білетін Сарыбай не жазушы еді? Біз білетін Сарыбай қоғам шындығын жазады, әзілдеп, астарлап айтады, оған министрді де мақтап отырып мақтамен бауыздай салу түк емес.

Тікелей өзі басқарып отырған министрлікке қарайтын болғандықтан, Мәдмин Алматы қаласындағы хайуанаттар бағына арнайы келіп, ұжымның жұмысымен, жануарлардың жағдайымен танысыпты. Темір тордың арғы жағында жатқан Арыстанның тұсынан өтіп бара жатқанда, әлгі арыстан мәдминнің жүзіне тік қарап: «Бауырым, атыңа, қызметіңе жауап бере аласың ба?» - деген көрінеді. Жануарың жігіт екен.

Саламат Омаш: Бейбіт Сарыбайдың фейсбуктағы жазбаларына жүздеген пікір жазылып, мыңдаған лайк басылады. Айта кетейін, «Мен романтик емеспін» жазушының бесінші кітабы. 1000 данамен жарық көрді.  

Бейбіт Сарыбай:  Егер сын айтылып жататын болса мен оны қабылдауға дайынмын. Егер әділетті сын болса, шын сын болса қабылдауға дайынмын. Өйткені әркімнің пікір айтуға құқы бар. Бірақ мен қарсымын жаңағыдай тролльдардың пікірін айтуына қарсымын, біреудің атын жамылып сөйлегенге қарсымын.

Саламат Омаш: Нарынқолдың тумасын университетте «оқуды бітірмей жатып кітабы шыққан бала» деген. Бір сұхбатында ол Мұхтар Мағауинмен құрдас болуды қалар едім,- депті. Енді бір ел жаңарғанда «Бейбіт Сарыбаймен құрдас болуды қалар едім» дейтіндерді де көрерміз.

Қолжетімді баспана... Кімнің қолымен өлшеді екен?

Астана әкімшілігі жоғалған құнды заттар мен ақшаларыңызға жауап бермейді. Құдай-ау, Астана деппін ғой, асхана. Бірақ...

Бұрын сентиментальный едім, қазір сен тимесең мен тиментальный болып қалдым.

Саламат Омаш: Құрметті көрермен, әлеуметтік желі белсенділері! Жаман жегенін, жақсы көргенін айтады. Жазыңыздар. Мәнді, мағыналы ойды халықпен бөлісіңіздер. Қыт-қыттаған тауық ақыры тумай қоймайды демекші, бүгінгі жазғыштан ертеңгі жазушы шығуы әбден мүмкін. Қайда да, қашан да ұмытпаңыз, көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!