Астанада ұлттық спорттың ең үздік ойыншыларына «Алтын тұғыр» сыйлығы табысталды

Астанада ұлттық спорттың ең үздік ойыншыларына «Алтын тұғыр» сыйлығы табысталды
23 желтоқсан, 20:00

Астанада ұлттық спорттың үздік ойыншыларына «Алтын тұғыр» сыйлығы табысталды. Бұл шара «Нұр Отан» партиясының қолдауымен биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр.  Оны өткізуге бастамашы болған Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы. Жобаның мақсаты - жақсы көрсеткіштерге жеткен спортшыларды ынталандыру. Түрлі ұсыныстарды сарапқа салу үшін арнайы комиссия құрылған. Үздік деп танылғандар «Алтын тұғыр» номинациясына ұсынылды.

Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Той-томалақта, аста ғана ойналатын ұлттық спорттар бүгінде әлемдік деңгейге жетіп отыр. Қазақ күресі әлемді шарлап кеткенін білесіздер. Тоғызқұмалақты қазір әлем ойнап жатыр. Миллиардтаған Қытай біздің ұлттық спортымыз аударыспақты әспеттеп, 2 Азия чемпионатын біз Қытай Халық Республикасында өткізіп қайттық. Мұның барлығы тәуелсіздіктің арқасы ағайын.

18 спортшы марапатқа ие болды. Жеңіске ұмтылғандар арасынан үздіктерді анықтау оңайға соқпаған. Қыркүйекте өткен ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан ұлттық құраманың намысын қорғаған Әбуғали Әбжаппаров та жоғары тұғырдан көрінді. Сайыс барысында ауыр жарақат алса да, соңына дейін күрескені үшін осы сыйға лайық болып отыр. Спортшы келер жылы елімізде ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өтетін көкпардан әлем чемпионатында барын салмақ.

Әбуғали Әбжаппаров, «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері «Әулиеата» көкпар командасының мүшесі:

Күтпеген жағдайда қазір толқып тұрмын, шынын айтқанда. Аламын деп ойламадым. Командалық ойын дұрыс қой. Командалық ойында ереже болады. Ережемен барлығы. Жаппайда ереже болмайды. Онда 1000 ат шабады.