Спорт - 2016

Спорт - 2016
30 желтоқсан, 20:00

2016 жылы «Спорт» әлемінде де толағай табыстар мен өкініштер де болды. Рио олимпиадасында жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсетіп, қанжығамыз әлем аренасында тағы да майланғаны бар. Тіпті 17 медаль алып, саны елдегі рекордты жаңартты. Бірақ спортқа да араласа бастаған саясат біраз спортшының жігерін құм қылды. Дегенмен, ең бастысы өз елімізде халық қалаған әділдік орнады.

Өткен жылы спортта күтпеген оқиғалар да болды. Рио жеңімпаздары жүлдемен оралып, бөркімізді аспанға атып жатқанда, бұрынғы олимпиада чемпиондарымыздың біразы Лондон, тіпті Бейжің олимпиадасында алған алтындарынан қағылып қалғаны бар. Спорт әлемін дүр сілкіндірген тосын, айтулы жаңалықтарды Дәуренбек Бақдәулет тарқатады.

Биылғы олимпиада алауы Бразилияның әйгілі Рио-де-Жанейро қаласында тұтанғаны баршаға мәлім. Біздің елден кәрі құрлыққа 26 спорт түрінен бақ сынайтын 104 спортшы аттанған еді. Саяси астары да бар, әділетсіздікте орын алған, қызық пен қиыншылық, қуаныш пен өкініштерге толы болған олимпиаданың 16 күнінде жерлестеріміз 3 алтын, 5 күміс, 9 қола - барлығы 17 медаль иеленді. Жалпы командалық есепте 22-орынға табан тіредік. Есте қалған ең әділетсіздіктің бірі - Левит пен Тищенко кездесуі. Қарсыласты қапы қалдырса да, біздің спортшы «күміс» жүлдегер атанған еді.

Әділдік айтады деп күткен VADA-ның шешімі де төрткүл дүниені дүр сілкіндірді. Білетіндер спортқа саясаттың араласа бастағанын алға тартты. Халықаралық олимпиада комитетінің және Халықаралық допингке қарсы агенттіктің (WADA) шешімі бойынша еліміздің 9 бірдей спортшысы 2012 жылғы Лондон олимпиадасынан алған медальдерімен қош айтысты. Оның төртеуі алтын медаль иелері. Илья Ильин де тіпті 2 дүркін олимпиада чемпионы атағынан айырылды.

Есесіне 2016 жылғы Геннадий Головкиннің кездесулері де өз жанкүйерлерінің төбесін көкке жеткізді. 23 сәуір. Геннадий бұрын-соңды жеңіліп көрмеген америкалық боксшы Доминик Уэйдті небары 2-ші раундта-ақ жер жастандырды. 10 қыркүйек. Оның кезекті қарсыласы - орта салмақтағы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы британдық Келл Брук. Кездесудің небары 5-ші раундында Геннадий шабуылын үдетіп, Брук бапкерлері орамал лақтыруға мәжбүр болды. Әзірге Геннадий WBA,IBF, IBO, WBC тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын сақтап тұр.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

2016 жылдың басты деген спорт шолулары міне осындай. Ал келер жылы барша қазақстандықтар ғана емес, Геннадий Головкиннің бүкіл әлемдегі жанкүйерлері тақымын қысады. Даңқты боксшымыз наурызда тағы бір америкалық былғары қолғап шебері Даниель Джейкобспен жұдырықтасатын болды. Бұдан бөлек, қысқы универсиада бар. Әлемдік аренада Қазақстанды әйгілеп жүрген Денис Теннен өзге, мықты деген 200-ден астам спортшымыз қатысады. Сондықтан келер жылы жанкүйер болар заттарымызды сайлап қойсақ та болады. Жаңа жыл жеңісті болсын! 

Дәуренбек БАҚДАУЛЕТ