Түркия билігі Стамбұлда теракт жасаған адамды анықтады

Түркия билігі Стамбұлда теракт жасаған адамды анықтады
04 қаңтар, 20:00

Түркияда және бірнеше мемлекетте жаңа жылдағы лаңкестік әрекетте қаза болғандарды жерлеу рәсімі өтіп жатыр. Жергілікті билік Стамбулдағы түнгі клубта теракт жасаған адамды анықтаған. Бұл туралы Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу мәлімдеді.

Айта кетейік, жаңа жыл түнінде болған терактан 39 адам қаза тапқан. Оның 27-сі - шетел азаматтары. Аталған оқиғаны ДАИШ содырлары өз мойнына алып отыр. Елдегі төтенше жағдай режимі тағы үш айға созылған.

Қанды оқиғадан төрт күн өткенде Түркия билігі оқ атқан адамды анықтады. Алайда полицейлер оның аты-жөні мен өзге де ақпараттарды құпия ұстап отыр. Жергілікті ақпарат құралдары террористің саусақ іздері арқылы табылғанын жазуда. Бұл туралы Түркияның вице-премьері Нуман Куртулмуш та айтқан болатын.

Нуман Куртулмуш, Түркия премьер-министрінің орынбасары:

Террористің бет бейнесі мен оның саусақ іздері туралы ақпарат анықталып қойды. Енді сәйкестендіру жұмысы жүреді. Бұған көп уақыт кетпейді деп ойлаймын.

Түркия күштік құрылымдары тағы 5 күдіктіні қолға түсірді. Ұсталғандардың жалпы саны 16 адам. Бұған дейін ғаламторда лаңкестік әрекетке күдікті делінген Қырғызстан азаматы Яхья Машраповтың суреті мен бақылау камерасына түсіп қалған бейнесі тарап кеткен. Бірақ кейіннен оның Түркияға бірінші қаңтарда, яғни оқиғадан кейін келгені белгілі болды. Қазір Стамбул көшелерін 17 мың полицей күзетіп жүр. Қалада туристер азайып, жергілікті мейрамхана иелері орасан шығынға батып жатырмыз дейді.

Кан Санли, мейрамхана менеджері:

Келушілер мүлде азайып кетті. Бұрын америкалықтар мен Еуропадан келетіндер көп болушы еді. Қазір олай емес. Таяу Шығыстан келгендер мен жергілікті тұрғындар ғана жүр.

Тұрғындар да үйлерінен шықпауға тырысады. Жергілікті жұрт лаңкестік әрекеттің құрбаны болып кетуден қорқып отыр.

Качил, Стамбұл қаласының тұрғыны:

Қорқып қалдық. Бірақ көшеге, амал жоқ, шығамыз. Өмір жалғасып жатыр. Бүгін достарымды көру үшін шықтым. Бірақ қорқыныш бар. Мейрамханалар мен адам көп жүретін жерлерге бармауға тырысамын. 

Қазір полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ Түркия қалаларында рейд жүргізіп жатыр. Орталық Азиядан келген босқындар тұратын аудандар күштік құрылымдардың жіті бақылауында тұр.

Саламат ОМАШ