«Барыс» хоккей клубы жылды жеңіспен бастады

«Барыс» хоккей клубы жылды жеңіспен бастады
05 қаңтар, 20:00

«Барыс» жаңа жылды жарқын жеңіспен бастады. Астаналық хоккей клубы өз айдынында мәскеулік «Спартакты» ұтты. Тіпті, қарсыластарының саны басым болғанына қарамастан, оларға ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Ойынның басым бөлігінде жерлестеріміз тізгінді бермеді. Сайыстың әр бөлігінде бір шайбадан қақпаға тоғытып отырды. Соңғы шайба ойынның бітуіне 17 секунд қалғанда соғылғанын айта кетейік. Осылайша, «Барыс» шығыс конференциясында алтыншы орынға тұрақтады.

Эдуард Занковец, «Барыс» ХК бас жаттықтырушысы:

Алдымен қақпашы мен қорғаныстағы ойыншылардың шеберлігін ерекше атап өткім келеді. Саны аз бола тұра, төтеп бере алды. Қақпашымыз Кевин қақпаға бірде бір шайба жіберген жоқ, соған ерекше қуандық. Жігіттер өздерін жақсы қырынан көрсете білді.



Ал, Astana Motorsports командасының экипажы «Дакар» көпкүндігі кезеңдерінің бірінде үшінші орыннан көрінді. «Ең бастысы, олар көлікті сақтап қала алды», - дейді Денис Березовский. Себебі кезеңдегі жол қиындыққа толы болды. Экипаж мүшелері тасты, құмды жерлерді артқа тастап, тау шатқалдарымен жүріп өтті. Пилот үшін де, штурман үшін де Анд тауының сілемдері арқылы өту қызықты әрі қиын болғанға ұқсайды. Олар бағытты жиі өзгертіп отыруға мәжбүр болған. Артур Ардавичустің экипажы, қосалқы бір ғана доңғалақ қалғандықтан, аса тәуекел етпеді. Нәтижесінде жүк көлігі мәреге он тоғызыншы болып келді.