«Қазинвестбанк» салымшыларына 768 миллион теңге төленетін болды

«Қазинвестбанк» салымшыларына 768 миллион теңге төленетін болды
06 қаңтар, 20:00

Лицензиясынан айырылған «Қазинвестбанк» салымшыларының 99,7%-ы қаражатын толық көлемде алады. Бұл туралы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының» төрағасы  Бақыт Қоғылов айтты. Оның мәліметінше, 8 мың 292 салымшы заңмен көрсетілген мерзімде өз салымын алады. Ал қалған 0,3 пайызы, яғни теңгелей салымы 10 миллионнан, немесе шетел валютасындағы қаржысы 5 млн теңгеден асып кеткен тұлғаларға кепілдендірілген сома шеңберінде өтемақы төленбек. Мұндай 52 салымшы бар екен. Олар қаржысын тарату комиссиясынан алатын болады. «Қазинвестбанктің» уақытша әкімшілігі өз жұмысын бітірген соң тарату комиссиясы құрылып, соның шеңберінде төлем кезегі реттеледі. Салымшыларға төленетін қаражаттың жалпы сомасы 768 млн теңге.

Бақыт Қоғылов, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы:

Сот шешімі күшіне енген соң 14 күн ішінде байқау жариялап, банк-агентті таңдаймыз. Содан соң төлемді төлеуге кірісеміз. Алдымен салымшыларға хабарлаймыз. Әрбір салымшы тұрғылықты жеріндегі банк бөлімшесіне барып, өтініш береді. Егер құжаттары дұрыс болса, төлемді өтінім берген күннен бастап 5 күн ішінде ала алады.

Еске салайық, жуырда Ұлттық банк «Қазинвестбанкті» лицензиясынан айырған еді. Ал қаржы институтын түбегейлі тарату соттың құзырында.