Тараздағы «Әулие-ата» әуежайының тарифтік төлемдері қымбаттамақ

Тараздағы «Әулие-ата» әуежайының тарифтік төлемдері қымбаттамақ
06 қаңтар, 20:00

1-ші наурыздан бастап Тараздағы халықаралық «Әулие-ата» әуежайының тарифтік төлемдері қымбаттамақ. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің өкілі арнамызға берген сұхбатында айтты. Бағамның бұлайша құбылуына не себеп? Өзгеріс билеттердің құнына әсер ете ме? Данияр Әлімқұл анықтап көрді.

Бес жыл бойы бірқалыпты болған баға көктемнің алғашқы күні өзгеріске ұшырамақ. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Жамбыл облыстық департаменті өкілдері айтып отыр. Оларға тарифтерді көтеру туралы «Әулие-ата» әуежайы былтыр шілде айында өтініш тастаған. 3 жыл бұрын халықаралық әуежайда әлемдік стандарттарға сай жөндеу жұмыстары жүргізілді.Соған сәйкес,қызметкерлер саны артып, жұмысшылардың жалақысын өсіруге тура келген. Бұдан бөлек, әуежайға қызмет көрсететін қосымша техникалар алынып, оларға жұмсалатын жанар-жағармай мөлшері өсіпті.

Бауыржан Көрпебаев, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің бөлім басшысы:

Осының бәрі тарифтердің өсуіне себеп болып келді. Бұрынғы тарифі 1414 теңге болса, қазіргі жобасы 6 мың теңгені құрап отыр. Қауіпсіздік қызметі бойынша, кезінде 505 теңге болса, бүгінгі күнге табиғи монополия субъектісінің жобасы 2392 теңгені құрап отыр. Тарифтің енгізілу уақыты 1-ші наурыз 2017 жыл.Қызмет алып жүрген авиакомпаниялар өздерінің қарсылықтарын білдірген жоқ.

Әуежайдағылар бұл туралы әзірге тіс жармауға бекінгендей. Олар тарифтерді өсіру жайлы өтінішін білдіргендерін растайды. Алайда, бүгін ертең баға өзгермейді. Бұрынғысынша қала береді деп сендірді.

Юлия Егорова, Халықаралық «Әулие-ата» әуежайы АҚ PR-менеджері:

Әуежай тарифі дәл қазір өзгермейді. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті ұсынысты әлі мақұлдаған жоқ. Жалпы, біз ұсынған тарифтер алдағы бес жыл бойы қолдануға жоспарланған. Мынаны баса айтқым келеді, біз жаңа тарифтерді жақын арада енгізбейміз. Өйткені  ол нарықтық ортаға сәйкес келмейді.

Тарифтер өссе, билеттер бағасы да шарықтап шығатыны белгілі. Бірақ, кейбір компаниялар Тараз әуежайындағы тариф төлемдері туралы әлі естімеген. «Астана-Тараз» бағытына аптасына  4 рет ұшатын «СКАТ» компаниясы өкілдері де бұл жағдайдан бейхабар.

Виктория Ульянова, «SCAT әуе компаниясы» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің  бастығы:

Біздің әуе компаниямыз жыл сайын әуежайларда тарифтің көтерілуіне тап болады. Қызметтер құнының қымбаттауы әуе тасымалына әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ әл-әзір біз Тараз әуежайында бағаның көтерілетіні туралы ақпарат алмадық, сол себепті Тараз-Астана бағытында ұшу ақысы өседі деп айтуға негіз жоқ.

Тараздағы халықаралық «Әулие-ата» әуежайымен  СКАТ, Эйр Астана, «S 7 Сибирь компаниялары жұмыс істейді.  «Астана-Тараз» бағытында аптасына  7 рейс жасалады.  Ал, халықаралық «Мәскеу-Тараз» бағытындағы ұшақ сенбі күндері ғана қатынайды. Бұдан бөлек, тағы екі халықаралық рейс бар. Тәжікстан мен Ресейге ұшатын «Худжант-Тараз-Сургут» және «Худжант Тараз-Тюмень». Ал, тарифтерге тоннасына сай төлем жасайтын  ұшақтардың салмақтары да әртүрлі . Мәселен, «Си эр джи 200» ұшағы 23 тонна, «Мбрайер» 50 тонна, «Бойнг 7-3-7» 63 тонна, «S 7 Айрвас» 319 тоннаны құрайды.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ