Барак Обама президент ретінде халықпен қоштасты

Барак Обама президент ретінде халықпен қоштасты
11 қаңтар, 20:00

"Ислам мемлекеті" содырлары Америка халқын қорқыта алмайды, себебі АҚШ бұрынғыдан да алып империяға айналған. Барак Обама президент ретінде халықпен қоштасу кезінде осылай деді. Чикагода сөйлеген соңғы сөзінде ол әлемде АҚШ-қа қарсылас бола алатын елдің жоқ екенін айтып, террористердің әрекетін әшкерелеген. Құрама Штаттардың 44-ші президенті өз сөзінде елге келіп жатқан босқындарға қатер деп қараудың қате екенін, мұсылмандарды алалауды айыптайтынын айтқан.

55 жастағы Барак Обама Дональд Трамп сынап келген денсаулық сақтау саласындағы реформаларды, Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату жөніндегі халықаралық келісімді, Кубамен қарым-қатынасты жақсартқанын басты жетістіктері ретінде атады. Сөз арасында көзіне жас алған Обама жақсы беделмен - 55 пайыз рейтингпен кетіп бара жатыр. Оның президенттік мандаты қаңтардың 20-сы аяқталады. Бұл күні Дональд Трамп Вашингтондағы Капитолийде ант қабылдайды.

Барак Обама, АҚШ президенті:

Соңғы ондаған жылдар ішінде АҚШ-тың арнайы барлау қызметі мыңдаған лаңкестердің көзін жойды. Содырлармен күрестегі әлемді біріктірген біздің одақ олардың басшысын құртты. Лаңкестердің лидері Бен Ладен де біздің барлаушылардың арқасында оққа ұшты. Жақын уақыттарда «Ислам мемлекеті» ұйымының содырларын да жоятын боламыз. Ресей мен Қытай біздің қарсыластарымыз болып саналғанымен, дәл АҚШ-тай бүкіл әлемге ықпалын жүргізе алмайды. АҚШ бүгінгі таңда қандай да бір кішкентай елге әлімжеттік жасап отырған жоқ.

Ал жаңа сайланған президент Дональд Трамп ұсынған Мемлекеттік хатшы, «Exxon Mobil»-дың бұрынғы басшысы Рекс Тиллерсон Ресейді қауіпті тізімге қосып, Мәскеуді Американың мүддесін елемейді деп айыптады. Бұл туралы Тиллерсонның сенатта сөйлеген сөзіне сілтеме жасап, «The Washington Post» хабарлады. Алайда, Тиллерсон терроризмге қарсы күрес сияқты қажетті мәселеде Ресеймен ынтымақтастықта болу керектігін айтқан.