«Қостанай-су» алған несиесін қайтару үшін салқын судың тарифін өсірген

«Қостанай-су» алған несиесін қайтару үшін салқын судың тарифін өсірген
11 қаңтар, 20:00

Қаңтардан бастап қостанайлықтар қара судың бір текше метріне 86 теңге төлейтін болады. Бұл бұрынғы тарифтен 10 теңге артық. Бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер үшін салқын судың тарифі 30 пайызға, ал басқа санаттар үшін - 15 пайызға өсті. «Қостанай-су» кәсіпорны несиесін қайтару үшін қара судың құнын көтеруге мәжбүрміз дейді. Өйткені қарыз алған банк сондай талап қойған көрінеді. Мемлекеттік мекеме Еуропалық қайта құру және даму банкінен 2 миллиард 400 миллион теңгеге жуық қаражат алған. Оған қоса, Үкімет тағы 1 миллиард 600 миллион теңгеге қаржы бөліп отыр. Қомақты қаражат кәсіпорынның құрал-жабдығын жаңғыртуға, техникалық базасын жаңартуға жұмсалмақ.

Игорь Киселев, «Қостанай -су» ММК директорының орынбасары:

Банк, кәсіпорын  тарифті көтерсе ғана, несие береміз, деген талап қойды. Яғни банк біздің ахуалды ескере отырып, тарифті 16-17 пайызға дейін өсіруді талап етті.

Айта кетейік, аймақта ауыз су тарифі былтыр 20 пайызға, бюджеттік ұйымдар мен жеке компаниялар үшін 40 пайызға артқан болатын. Кәсіпорын басшылары алдағы 5 жылда салқын су тарифі тағы көтеріледі деген болжам жасап отыр.