Қызылжарда соққыға жығылған баскетболшы Игорь Нанаевтың ісі бойынша сот процесі басталды

Қызылжарда соққыға жығылған баскетболшы Игорь Нанаевтың ісі бойынша сот процесі басталды
11 қаңтар, 20:00

Қызылжарда осыдан 3 ай бұрын бір топ жігітпен соққыға  жығылып, қайтыс болған баскетболшы Игорь Нанаевтың ісі бойынша сот процесі басталды. Сот залында ине шаншар жер болмады. Алғашқы сот отырысына қос тараптың туыстары мен достары келген. Игорь Нанаевты өлтірді деген күдікпен 5 адам ұсталған болатын. Айыпталушылардың жасы 20 мен 22 аралығында. Олардың арасынан тек бір азамат қана өз кінәсін мойындап отыр. Сот процессі барысында зардап шегушілер мен қанды қырғынның куәгерлері тыңдалды.

Александр Антропов, зардап шегуші:

Мен кінәмнің жоқтығын дәлелдесем де, олар алған беттерінен қайтпады. Маған жабылып, қысым көрсетті. Кейін жұдырықпен ұрды. Сосын  достарым шыққан соң, бізді жан-жаққа әкетіп, ұрып тастады.

Игорь Нанаевтың өгей әкесі мен оның бауыры бүгінгі сот процесіне қатысқан жоқ. Олардың құқықтарын қорғаған заңгердің айтуынша, марқұмның інісі күйзеліске ұшыраған. Осыған байланысты оның әкесі сотталушылардан 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етіп отыр.

Еске салайық, қазанның 10-ы күні Қызылжарда түнгі клубта өзара жанжал туған еді. Соққыға жығылған Игорь Нанаев араға бірнеше күн салып көз жұмды.