Шымкентте көпқабатты үйде жарылыс болды

Шымкентте көпқабатты үйде жарылыс болды
08 ақпан, 20:00

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болды. Денесінің 32 пайызы күйіп қалған үй иесі қазір жансақтау бөлімінде жатыр.  Науқастың жағдайы бірқалыпты ауыр,- дейді дәрігерлер.

Оқыс жағдай бүгін таңғы жетілер шамасында бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерде тіркелді. Төтенше жағдай салдарынан пәтердің есік терезелері жұлынып кеткен. Алдын ала болжам бойынша, өртсіз тарсылға табиғи газдың шығуы себеп болуы мүмкін.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің мәліметінше, 36 жастағы тұрғын таңертеңгісін газ плитасына шәйек қоймақ болып, оттықты тұтатқан көрінеді. Сол кезде «тарсыл» болған. Екпіні күштілігі сонша, қатар орналасқан көрші пәтерге де шығын келді. Қазір оқиға орнында жергілікті биліктің ұйымдастырумен қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Апаттың нақты себебін мамандар анықтап жатыр.

Бақытжан Запаров, ОҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

Қазіргі таңда комиссия құрылып, тарсылдың неден шыққаны, газдың неден жіберілгені - бәрін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ал енді  неден шыққаны, мүмкін, ол пәтер иесі өзінің салғырттығынан болуы да мүмкін, болмаса, газ қондырғысынан да болуы мүмкін. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ